NoFake

Қазақстандықтардың сотқа жүгінбеуіне заңгер қызметінің қымбаттығы себеп пе?

Фото: Depositphotos

Қазақстанда заңгер қызметінің қымбаттығына байланысты сотқа жүгінуден бас тартатын азаматтар бар деген пікірлер кездеседі. Бұл қаншалықты рас және заң көмегін алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қандай қолдау қарастырылған? NoFake.kz осы сауалдарды Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиге қойды.

Скрин әлеуметтік желідегі жазбалардан

Жеке заңгерлердің бағасын кім реттейді?

«Бұл уәжіңізбен келісе алмаймын. Себебі Конституцияда тікелей көрсетілген: кез келген азамат өзінің бас бостандығының құқығын қорғауға құқылы. Ал заң көмегін көрсетуші палаталар — Әділет министрлігіне тікелей бағынысты ұйымдар емес, олар жекеменшік палаталар. Сондықтан олар өздерінің нарықтық бағаға сәйкес қызметіне құн қоюға құқылы», — деді Талғат Уәли.

Сонымен бірге, ол азаматтардың өз қалауы бойынша біліктілігі мен тәжірибесі жоғары кез келген заңгерді өз қаражатына жалдауға толық құқылы екенін атап өтті. Себебі заңгерлік кеңес беретін палаталар мемлекетке тікелей бағынышты емес, жекеменшік ұйымдар. Соған байланысты олар бағаны нарықтық сұранысқа сай өздері белгілейді.

Тегін заң көмегін кімдер ала алады?

Министрлік өкілі елдегі әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет есебінен тегін адвокат пен заң кеңесшісін ұсыну жүйесі жолға қойылғанын жеткізді. Олардың қатарына көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да жеңілдігі бар санаттар кіреді.

«Кейбір азаматтардың, көпбалалы отбасылардың, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, қандай да бір мүгедектігі бар азаматтар сияқты әлеуметтік осал топтарға арнайы тегін мемлекет тарапынан заң көмегін көрсету тетігі қарастырылған. Яғни сіз сол категорияға жататын болсаңыз, мемлекеттік заң көмегін тегін алуға құқылысыз. Сізге адвокат немесе заң кеңесшісі қызмет көрсетеді, бірақ оның қызметін сіз төлемейсіз, мемлекет төлеп беруге міндетті», — деп түсіндірді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Сотқа жүгіну шынымен де тым қымбат па?

Іс жүзінде сотқа арыз берудің өзі көптеген азаматтар үшін қолжетімді. Себебі, мемлекеттік баж салығы мен негізгі сот шығындары тым жоғары емес.

Мемлекеттік баж: Мүліктік емес даулар бойынша мемлекеттік баж салығы символикалық сомаға тең болса, ҚР Салық кодексінің 668 бабына сәйкес еңбек даулары, жалақыны өндіру, алимент және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша азаматтар мемлекеттік баждан мүлдем босатылған.

Адвокатты жалдау міндетті емес: Қарапайым азаматтық істер бойынша тұрғындар өз құқықтарын сотта өзі қорғай алады немесе дайын, сауатты жасалған талап арызды пайдалана алады.

Басты ереже — шығынды жеңілген тарап төлейді: Қазақстан заңнамасындағы Азаматтық процестік кодексінің 109-бабына сәйкес, сотта жеңіске жеткен тарап өзінің барлық сот шығындарын, соның ішінде жеке адвокатқа төлеген ақшасын, жеңілген тараптан өндіріп алуға толық құқылы.

Айта кетейік, біз бұған дейін министрлік өкілінің ЖИ заңгерлер мен нотариустарды толық алмастыра ма деген сауалға жауабын жариялаған болатынбыз.

Оқу үшін