NoFake

ЖИ заңгерлер мен нотариустарды толық алмастыра ма

Фото: Depositphotos

Желіде«ЖИ-дің дамуына байланысты нотариустар, сот орындаушылары мен заңгерлер қызметінен айырылып, олардың орнын толықтай роботтар алмастырады» деген ақпарат тарап, қоғамда қызу талқыланды.

Осыған байланысты NoFake.kz тілшісі Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиге жүгініп, жуық арада мұндай өзгеріс қаншалықты мүмкін екенін сұрадық.

Мұндай қауесеттің кеңінен таралуына министрліктің «Робот сот орындаушысын» сәтті іске қосуы түрткі болса керек. Инновациялық жобаның тиімділігі соншалық, көптеген азаматтар мұны жаппай қысқартудың басы деп қабылдаған. Алайда, ведомство өкілі ЖИ тек адамдардың жұмысын жеңілдету үшін ғана пайдаланылатынын ерекше атап өтті.

«Әділет министрлігі өзінің барлық қызметкерлерін толығымен жасанды интеллектке ауыстырып тастайды деген ақпарат әрине ол дұрыс емес. Себебі азаматтардың, яғни білікті квалификациясы бар мамандардың қандай да бір жұмысты жүргізуде жасанды интеллекетке алмастыра салу дұрыс емес екендігі түсінікті. Сондықтан Әділет министрлігінің қызметкерлері өзінің функционалдық қызметін атқаратын болады. Бірақ та жұмысты жеңілдету үшін жасанды интеллектің көмегіне жүгінеді», — деп мәлімдеді ресми өкіл.

 «Робот сот орындаушы» қаржыға үнем

Министрліктің мәлімдеуінше, 2024 жылы іске қосылған «Робот сот орындаушысы» жобасы азаматтардың қалтасын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берген.

« 2024 жылы робот сот орындаушыларын іске қостық. Яғни сот орындаушыларға азаматтар қызметі үшін 25%-ға дейін ақы төлеуге міндетті болатын болса, ал бұл жағдайда жасанды интеллектің көмегімен жеке сот орындаушының қызметі қажет емес. Оның қызметін робот сот орындаушы атқарады да, сәйкесінше қызметі үшін 25%-ға дейін қызмет ақысын төлеуге міндетті емес болады, яғни төлемейді», — деп нақтылады министрлік өкілі.

Сонымен қатар, редакциямызға жоба басталғалы бері атқарылған жұмыстардың ресми статистикасы ұсынылды.

«2024 жылдан бастап робот сот орындаушысы 746 мыңнан астам атқарушылық істі қарап, 15 млрд теңгеден астам қаражаттың өндірілуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді», — деп мәлімдеді Талғат Уәли.

Таңдау құқығы азаматтарда қалады

Бір айта кететіні, азаматтарға цифрлық және дәстүрлі қызмет түрін алуға таңдау мүмкіндігі беріледі.

«Әділет министрлігі қазір елуден астам қызмет көрсетеді. Оның барлығы цифрлық түрде қолжетімді және де дәстүрлі түрде қағаз бойынша да алуға болады. Ол азаматтардың қалауына байланысты», — деді маман.

Осылайша, жасанды интеллект заңгерлер мен нотариустарды жұмыстан шығармайды. Роботтар құжаттарды секунд ішінде өңдеп, қызметті арзандатқанымен, заңның әділдігін қамтамасыз ететін және түпкілікті шешім қабылдайтын тек білікті мамандар болып қалмақ.

Оқу үшін