NoFake

ChatGPT-де қаржыны бақылау функциясы қосылды

Фото: Depositphotos

OpenAI компаниясы ChatGPT Pro пайдаланушылары үшін жеке қаржыны басқаруға арналған  жаңа «Қаржы» (Finances) функциясын іске қосты, деп хабарлайды NoFake.kz компанияның ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Енді жасанды интеллект жай ғана мәтін жазып қоймай, сіздің табысыңыз бен шығыныңызды есептеп, бюджетті жоспарлауға көмектеседі. Қазір бұл мүмкіндік АҚШ-тағы Pro нұсқасының қолданушыларына Веб және iOS платформаларында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

ChatGPT қаржыны қалай реттейді?

Мамандардың айтуынша пайдаланушылар жаңа бақылау тақтасы (дашборд) арқылы өз ақшасының қайда жұмсалып жатқанын санаттар бойынша көре алады. Белсенді жазылымдар мен алдағы міндетті төлемдерді қадағалап, таза капиталдың динамикасын бақылай алады. Сондай-ақ, чатта ЖИ-ге қаржылық жағдайға байланысты тікелей сұрақтар қоюға болады. Мысалы: «Осы айда ең көп ақшаны қайда жұмсадым?» немесе «Несие картасындағы қарызымды өтеудің тиімді жоспары қандай?»

Алайда, OpenAI бұл функцияның шекарасы бар екенін және ол сіздің ақшаңызға тікелей қол сұға алмайтынын ескертеді.

«ChatGPT сізге қаржылық шешімдерді түсінуге, жоспарлауға және бағалауға көмектесе алады, бірақ ол сіздің атыңыздан қаржылық әрекеттер жасай алмайды. ChatGPT ақша аудара алмайды, шоттарды төлей алмайды, шот параметрлерін өзгерте алмайды немесе мәмілелер жасай алмайды», — дейді бағдарлама авторлары.

 Қауіпсіздік пен құпиялылық қалай реттеледі?

Қаржылық деректер өте маңызды ақпарат болғандықтан, әзірлеушілер қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталған. Жасанды интеллект сіздің рұқсатыңызсыз ешқандай деректі пайдалана алмайды.

«Plaid сізге шоттарыңызды қауіпсіз түрде қосуға және деректеріңізді ChatGPT-мен бөлісуге рұқсат береді. Бұл ChatGPT сіздің нақты қаржылық жағдайыңызды ескеруі және барынша дербестендірілген жауаптар беруі үшін қажет», — дейді жүйені енгізушілер.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл деректер жасанды интеллектіні оқыту үшін қолданылмайды және пайдаланушы кез келген уақытта шоттарды бұл қызметтен ажырата алады.

«Сіз өз ақпаратыңызды өзіңіз бақылайсыз. Шоттарды ажыратқаннан кейін, синхрондалған шот деректеріңіз 30 күн ішінде OpenAI жүйелерінен толықтай өшіріледі», — дейді олар.

«Қаржылық естеліктер» (Financial memories) функциясы

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – ол сіздің ұзақ мерзімді мақсаттарыңызды жадында сақтай алады. Егер сіз чатқа: «Мен келесі жылдың басында көлік сатып алу үшін ақша жинап жатырмын» деп айтсаңыз, мамандар ChatGPT бұны есіне сақтап, алдағы уақытта кез келген қаржылық кеңесті осы мақсатыңызды ескере отырып беретінін айтады.

Әрине ChatGPT салық маманын немесе кәсіби брокерді алмастырмайды. Алайда авторлар оның қолданушылар арасында күнделікті шығындарды реттеп, ақша үнемдеуді үйрететін таптырмас цифрлық көмекшіге айналып келетінін атап өтті. Бұл фунция алдағы уақытта өзге елдерде де қолжетімді болмақ.

Оқу үшін