«Атыңызға цифрлық сенімхат рәсімделді»: Ұлттық Банк алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Фото: Ұлттық банк
Алаяқтар азаматтарды қалай алдайды?
Ұлттық Банктің мәліметінше, алаяқтар азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан хабарлама жібереді. Онда адамның атына «цифрлық сенімхат» рәсімделгені, оны үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны немесе кредит алуға өтінім мақұлданғаны жазылады.
Мән-жайды анықтау үшін хабарламада көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу ұсынылады.
«Мұндай хабарламаның басты мақсаты – адамды үрейлендіріп, көрсетілген нөмірге қоңырау шалуға мәжбүрлеу. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар «сенімхатты жоюды», «кредиттік өтінімді бұғаттауды» немесе «ақшалай қаражатты қорғауды» ұсынады», – деп түсіндірді Ұлттық Банк.
Бұдан кейін алаяқтар өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар азаматтың атына кредит рәсімделгенін, компаниялар тіркелгенін немесе күдікті қаржы операциялары жүргізілгенін айтып, жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.
Осылайша, мәселені шешуге көмектесетіндей көрініп, азаматтың жеке деректерін немесе ақшасын иемденуге әрекет жасайды.
«Ақшаны қауіпсіз шотқа аударыңыз»
Ұлттық Банк алаяқтардың келесі әрекеті азаматты белгілі бір нұсқауларды орындауға көндіру екенін ескертеді.
«Осындай әрекеттердің алдын алуды сылтауратып, олар СМС арқылы келген кодты айтуды, банк картасының деректемелерін беруді, күмәнді мобильді қосымшаны орнатуды, ақшаны «қауіпсіз», «сақтық» немесе «жинақ» шотына аударуды не мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға рұқсат беруді талап етеді», – делінген хабарламада.
Ұлттық Банк мұндай талаптардың ешқайсысын орындамауға шақырады. Өйткені банк, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардан банк картасының деректерін, СМС кодтарды немесе PIN-кодтарды сұрамайды.
«Сондай-ақ, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды немесе мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатуды да ұсынбайды», – деп ескертті реттеуші.
Күмәнді хабарлама келсе, не істеу керек?
Ұлттық Банк күмәнді хабарлама алған азаматтарға ондағы телефон нөміріне қоңырау шалмауға, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға кеңес береді.
Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін банкке немесе тиісті мемлекеттік сервистің ресми байланыс орталығына өз бетінше хабарласқан жөн.
Сонымен қатар Ұлттық Банк өз қызметкерлерінің азаматтарға аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және ақша қаражатын сақтандырумен айналыспайтынын еске салды. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына арыздануға болады. Ал қосымша кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.


