Астана аспанында дрондар неге ұшып жүр: мән-жай анықталды

Коллаж: Nofake.kz
Астанада бірнеше күннен бері әуеде дрондардың әлдебір заттарды тасып жүргенін, тіпті оларды бір-біріне беріп жатқанын көруге болады. Қала азаматтары дрондардың ұшу себебін анықтай алмай, желіде қызу пікір-талас жүргізген, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желіде Астана аспанында дрондардың көбейгені туралы ақпарат тарады. Көпшілік желіде олардың аспанда қалықтап жүрген суреттерін жүктеп, тіпті дрондардың сәлемдеме жеткізіп жүргенін жарыса жазған.

Дрондар туралы әкімдік хабардар ма?
Аталған ақпарат қаншалықты рас? Редакция алдымен ақпаратты әкімдіктен біліп көрді.
«Астана аспанындағы дрондар «Болашақ ойындары» аясында ұшырылып жатыр. Нақты ақпаратты ойын ұйымдастырушыларынан біле аласыздар. Жалпы, әдетте дрондардың ұшуына рұқсатты Мемлекеттік күзет қызметі береді», — деп түсіндірді.
Ұйымдастырушылар не дейді: дрондардың сәлемдеме жеткізіп жүргені рас па?
Астанада өтетін «Болашақ ойындары» ұйымдастырушылары аталған дрондарға қатысты түсініктеме берді.
«31 шілде мен 9 тамыз аралығында «Болашақ ойындары» аясында дрондар арқылы тапсырыс жеткізу бойынша демонстрациялық жоба іске асырылады. Бұл – іс-шара қонақтарына жаңа технологиямен танысып, жеткізудің жаңа форматын сынап көруге мүмкіндік беретін пилоттық жоба», — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пилоттық жоба аясында қатысушылар дрондар арқылы жеткізу қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, олар тапсырысты «Алау» мұз сарайы, «Барыс Арена», Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» жекпе-жек сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені жанындағы киоскілерде, пилоттық режимде жасауға болатынын жеткізді.
Түйін
Сонымен, Астана аспанында байқалған дрондардың «Болашақ ойындары» аясында ұшырылғаны — шындық. Олар 31 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары» аясындағы пилоттық жобаға қатысып жатыр. Жоба барысында іс-шара қонақтарына дрон арқылы тапсырыс жеткізу қызметі көрсетіледі. Яғни, әлеуметтік желіде тараған дрондардың сәлемдеме тасып жүргені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келеді.


