Ақмолада 3 мыңнан астам «жалған» мал арқылы 50 млн теңге субсидия алынған

Фото: Depositphotos
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын заңсыз алу дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидия алуды ұйымдастырған.
«Атап айтқанда, жүйеге 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деген мәлімет енгізілген. Осы ақпарат негізінде бюджеттен 9 млн теңге субсидия аударылған. Кейін сол деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның нәтижесінде тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған деген күдік бар.
«Осылайша, тергеу деректеріне сәйкес, мемлекетке келтірілген залал көлемі 50 млн теңгеден асқан. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған», — делінген хабарламада.
Агенттік қазіргі таңда тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, хабарламада іс бойынша өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейтіні айтылған.


