Алматыда LRT салынады: Әкімдік бағыттарды атады

Коллаж: NoFake.kz
Алматыда жаңа автобус бағыттары іске қосылып, «ақылды» бағдаршамдар орнатылады және заманауи көлік жобалары, соның ішінде жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) салынады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтты.
Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін, сондай-ақ, Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.
«LRT құрылысының белсенді кезеңі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталады. Жоба желінің өзін ғана емес, депо құрылысын да қамтиды. Біз LRT-ны Алматының жаңа көлік жүйесінің негізгі элементінің бірі ретінде қарастырамыз. Ол қалалық қоғамдық көліктің бірыңғай жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс», — деді Ержан Диханбаев.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды 2026 жылы шілдеде шығады.


