NoFake

ҚТЖ Алматы вагон депосының директоры ұсталғанын растады

Фото: Depositphotos

ҚТЖ Алматы вагон пайдалану депосының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.

Ресми мәліметке сәйкес, депо басшысы ағымдағы жылдың 9 сәуірінде қылмыстық іс шеңберінде құрықталған. Қазір сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу амалдары шенеуніктің 2024–2025 жылдардағы қызметтік кезеңін қамтып отыр.

Ұлттық компания бұл іске қатысты өз ұстанымын нақты жеткізіп, құқық қорғау органдарына барынша қолдау көрсететінін мәлімдеді.

«“Қазақстан темір жолы” ҰК» АҚ сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады және қолданыстағы заңнама шеңберінде қажетті ақпарат пен материалдарды ұсына отырып, істің барлық мән-жайларын анықтауда тергеуге жан-жақты жәрдем көрсетеді», — деді компания өкілдері.

Сонымен қатар, Алматы вагон пайдалану депосында заң бұзушылықтың орын алуына не себеп болғанын анықтау мақсатында ішкі тексеріс басталды. Оны компанияның комплаенс-қызметінің басшылығымен құрылған арнайы комиссия жүргізіп жатыр.

Ұлттық компания өкілдері тергеу шаралары толық аяқталып, құзыретті органдар түпкілікті процестік шешім қабылдағанға дейін бұл жағдайға қатысты ешқандай қосымша ақпарат немесе түсініктеме берілмейтінін атап өтті.

Оқу үшін