NoFake

Әлеуметтік төлем: Министрлік делдалдарға жүгінбеуге шақырды

Фото: Gov.kz

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматтарға төлемді рәсімдеу үшін делдал іздеп, ақша берудің қажеті жоқ екенін ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік тәуекел туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарға қаржылай қолдау көрсету. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейді. Ал әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған кезде жүйеге қатысушы азаматқа заңда белгіленген талаптарға сай әлеуметтік төлем тағайындалады.

«Әлеуметтік төлемдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес тағайындалады. Оны алу үшін делдал іздеп, біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ», – деп ескертеді министрлік.

 8 айда 1 миллионнан астам адам төлем алған

Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 млн 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 млрд теңгеге жуық қаражат төленген. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік тәуекелдің алты түрі бойынша төлем қарастырылған. Олар:

еңбекке қабілеттіліктен айырылу;

асыраушысынан айырылу;

жұмыстан айырылу;

жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу;

жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуға байланысты табыстан айырылу;

 бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу.

Министрлік әр төлемді тағайындаудың өз талаптары барын айтып, азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға бірден сенбеуге шақырады.

«Әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемді рәсімдеп беру, оны ұзарту немесе жұмысынан айырылғаны үшін төлем алып беру туралы ұсыныстар кездесуі мүмкін. Мұндай ақпаратқа бірден сенбей, алдымен оның дұрыстығын тексерген жөн», – дейді министрлік.

Ведомство әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты ресми мемлекеттік ресурстардан алуға кеңес береді. Бастысы: азаматқа тиесілі әлеуметтік төлемді алу үшін делдалға ақша төлеудің қажеті жоқ. Айта кетейік, бұған дейін желідегі «соңғы 6 айда әлеуметтік аударымы бар азаматтар үкіметтен қомақты ақша ала алады» деген жарнамаларға қаншалықты сенуге болатыны жайлы жаздық.

Оқу үшін