NoFake

Партияда жоқ 11 миллион азамат мемлекет басқаруға қатыса алмайтыны рас па

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желіде қолданушылардың бірі «Билік өзін-өзі ұсынғандар мен бір мандатты кандидаттарды алып тастап, 11 миллион азаматты мемлекетті басқаруға қатысу құқығынан айырды» деген пікір білдірді. Бұл жазба желіде қызу талқыланып жатыр. Аталған мәлімдеменің қаншалықты негізді екенін NoFake.kz саясаттанушы Талғат Қалиевтен сұрады.

Скрин әлеуметтік желіден

Маман мұндай пікірдің мүлде негізсіз екенін айтты.

«Бұл – мүлдем бұрмаланған түсінік, өйткені 11 миллион сайлаушының барлығы бірдей өкілді органға сайлана алмайтыны түсінікті ғой. Сондықтан олар депутаттарға дауыс береді және өздерінің саяси мүдделерін солар арқылы жүзеге асырады. Сол себепті де ешкім азаматтардың сайлауға қатысу құқығын тартып алып жатқан жоқ, адамдар сайлау арқылы мемлекетті басқарады», -деп жауап берді саясаттанушы.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде сайлауға қарапайым азаматтар тек партия арқылы ғана қатыса алатындықтан, миллиондаған қазақстандық елдегі саяси процестерге ықпал ету мүмкіндігінен айырылды деген пікірлер айтылып жүр. Алайда  Конституцияның 35 бабына үңілсек, бұл пікірдің қате екені және ұғымдардың шатастырылғанын анық көруге болады.

Заңда азаматтардың екі түрлі құқығы туралы жазылған. Оның бірі  дауыс беру болса, екіншісі – сайлану құқығы.

Сайлау құқығы, яғни белсенді құқық дегеніміз не? Ол кез келген азаматтың сайлау учаскесіне келіп, өзінің сенім артқан кандидатына немесе партиясына дауыс беру мүмкіндігі. Бұл құқық партияда жоқ 11 миллионға жуық қазақстандықтың бәрінде бар. Ата заңымыздың 35 бап, 3-тармағына сәйкес, тек сот әрекетке қабілетсіз деп таныған , сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген азаматтардың сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Ал сайлану құқығы (пассивті құқық) дегеніміз – азаматтың депутат болуға өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі. Бұрын сайлауға азаматтар өзін-өзі ұсынса, енді үміткерлер тек партия атынан ұсынылуы шарт. Саясаттанушы Талғат Қалиев мұның көптеген артықшылықтарын атап өтті.

«Сонымен қатар, партия мүшесі, яғни фракция депутаты бір мандатты округ бойынша сайланған жеке депутатқа қарағанда өз жұмысында әлдеқайда тиімдірек. Өйткені әрбір партиялық депутаттың артында оның үлкен пікірлестер тобы, өз фракциясы және бүкіл партияның ресурстары тұр. Ол партияның ресурстарына сүйене алады, соның ішінде парламентте өкілдігі бар, 5-пайыздық кедергіні еңсерген партия мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру құқығына ие бола алатындықтан, бұл мүмкіндіктер артады. Бұл – ресурстар, бұл партияның мүмкіндіктері мен ресурстарын ұлғайтады, олар сараптамалық орталықтар құра алады, өз БАҚ-тарын тағайындай алады және өз депутаты көтерген тақырыптарды насихаттай алады. Сондықтан партиядан сайланған депутат әлдеқайда тиімдірек жұмыс істейді», — дейді маман.

Айта кететін жайт, Конституциямыздың жоғарыда көрсетілген бабына сәйкес сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінә тағылған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

«Партиясыз» азаматтар деген кімдер және партиялар не үшін оларға жұмыс істейді?

Партия құрамында болмау — бұл әр адамның өз еркімен жасаған таңдауы. Бұл құқықтарыңыздың аз екенін білдірмейді. Бұл жай ғана сіздің ешқандай саяси ұйымның тізімінде жоқ екеніңізді білдіреді. Ал партияларға партиясыз азаматтардың дауысы қажет.

«Жалпы алғанда, әрбір партия сайлаушылардың дауыстары үшін күреседі. Тиісінше, ол ең көп дауыс жинау үшін тек өз партиясы мүшелерінің ғана емес, бүкіл халықтың мүдделерін білдіруге ұмтылады. Өз партияластарының осы партияға кез келген жағдайда дауыс беретіні түсінікті. Дәл сол сияқты, әрбір партия партия қатарында жоқ, яғни партиясыз азаматтардың көңілінен шығып, симпатиясына ие болу үшін күреседі. Сондықтан олар барлық азаматтардың, соның ішінде партиясыз азаматтардың да мүдделерін қорғайтын болады», — дейді Талғат Қалиев.

Түйін

11 миллионға жуық азамат мемлекетті басқаруға араласу құқығынан айырылды деген тұжырым – миф. Қазақстандықтардың дауыс беру құқығы да, биліктен есеп талап ету құқығы да, өз пікірін айту құқығы да ешқайда кеткен жоқ. Тек жаңа жүйе өзін өзі ұсынушыларды алып тастап, партия атынан ұсынылу мүкіндігін қалдырды. Енді саясаткерлер әрбір партиясыз сайлаушының сенімі үшін партияларға бірігеді. Айта кетейік, біз бұған дейін сайлау туралы жалған ақпаратпен ОСК қалай күресетіні жайлы жазған болатынбыз.

Оқу үшін