NoFake

1-ші сыныпқа құжат қабылдау: қай өңірде қашан басталады

Фото: Freepik.com

ҚР Оқу-ағарту министрлігі 1-ші сыныпқа құжат қабылдау рәсімі қай өңірде қашаннан басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Естеріңізде болса, биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке 1-ші сыныпқа құжат қабылдау мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға шегерген еді. Бұл ретте ведомство аталған шешім 1-ші сыныпқа қабылдау процесін негізгі оқу кезеңінен бөлектеуге, мектеп әкімшілігіне түсетін жүктемені азайтуға және білім беру процесіне кедергі келтірмеу мақсатында жасалғанын түсіндірген еді.

Сонымен бірге, министрлік цифрлық жүйелердің жұмысын тұрақтандыру мақсатында биылдан бастап өтініштерді қабылдаудың өңірлік кестесі енгізілгенін хабарлаған болатын.

«Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп әзірленген бұл тәсіл ақпараттық жүйелерге түсетін техникалық салмақты теңгеруге көмектеседі», — делінген хабарламада. 

Осыған орай, ата-аналар арасында мектепке құжат қабылдау уақыты қай өңірде қашан басталатыны туралы сұрақ жиі қойылатын.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Nofake.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне аталған сауалды жолдап, нақты жауап алды.

«Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі бірлесіп, 2026 жылдан бастап 1-сыныпқа қабылдауды жетілдіру мақсатында өңірлік кесте енгізу арқылы пилоттық жобаны іске асырады. Құжаттар 2026 жылғы 27 мамыр – 31 тамыз аралығында қабылданады», — делінген министрлік түсіндірмесінде.

Осыған орай, министрлік Қазақстан өңірлерінде 1-ші сыныпқа құжат қабылдау кестесін ұсынды.

  • 27 мамырдан бастап – Астана қаласы, Абай, Жетісу, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары;
  • 10 маусымнан бастап — Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары;
  • 18 маусымнан бастап — Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары мен Шымкент қаласы;
  • 29 маусымнан бастап — Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстары.  

1-ші сыныпқа қабылдану үшін, қандай құжаттар қажет?

Құзырлы министрлік 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттар тізбесі ҚР БҒМ №564 бұйрығы талаптарына сәйкес айқындалатынын жеткізді. Осыған орай, мектепке қабылдану үшін қажетті құжаттар тізімін назарға ұсынамыз:

  • ата-ананың (заңды өкілдің) өтініші;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • №065-у медициналық анықтама;
  • №052-2/у денсаулық паспорты;
  • 3×4 көлеміндегі 2 фото. 

Бұл ретте, ҚР Оқу-ағарту министрлігі құжаттар қағаз түрінде тапсырылған жағдайда түпнұсқалармен салыстыру ұсынылатынын және оларды электрондық форматта — eGov порталы арқылы тапсыруға болатынын жеткізді.

Министрліктің мәліметінше, ұсынылған өзгерістер қабылдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Оқу үшін