Депутаттың зейнетақы туралы «эмоциялық сөзін» көрсеткен видео — дипфейк

Скрин жалған видеодан
Желіде өзін қазақстандық депутат ретінде таныстырған ер адамның зейнетақы жарналары туралы эмоциялық үндеу жасаған видеосы тез тарап, көпшілік назарын аударды. Ролик аз уақытта миллиондаған қаралым жинап, қызу талқылауға себеп болды. Алайда мұқият қарағанда, бұл парламенттегі шынайы отырыста түсірілген кадр емес, нейрожелі көмегімен жасалған дипфейк екені анық байқалады, деп хабарлайды nofake.kz/.
YouTube-арналардың бірінде тараған бұл вирусты роликте ер адам «қазақстандық депутат» ретінде көрсетіледі. Ол трибунаға шығып, үкіметке азаматтарға зейнетақы жинағының жартысын бір реттік алуға рұқсат беруді және бұл үшін ең төменгі шектік соманы алып тастауды ұсынады.

Бұл эмоциялық «үндеу» қысқа уақыт ішінде шамамен екі миллион қаралым, 23 мыңнан астам лайк және екі мыңға жуық пікір жинаған. Пікір қалдырғандардың басым бөлігі ер адамды қолдап, ризашылығын білдірген, бірақ көпшілігі видеодағы «депутаттың» сөзі шын емес, дипфейк екенін байқамаған.
Роликті мұқият қарасаңыз жалған белгілер айқын көрінеді: кейіпкердің көзі қозғалыссыз, тілі анық көрінбейді, ал саусақ қимылдары табиғи емес әрі қатаң. Пиджактағы төсбелгі бір кадрда пайда болып, келесісінде жоғалады — бұл да видеоны жасанды түрде генерациялағанын дәлелдейді.
Артқы пландағы елтаңба да шынайы емес: формасы мен элементтері Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін шамалап қана қайталайды, бірақ түпнұсқадан айтарлықтай ерекшеленеді. Залдың өзі де сенімсіз көрінеді — Астанада дәл мұндай интерьері бар мемлекеттік ғимарат жоқ.
Кадрдағы адамдардың қозғалыссыз тұруы, кей сәтте беттерінің бұлыңғырланып кетуі — мұның бәрі видеоны жасанды интеллект көмегімен жасалғанын анық көрсетеді.
Айта кетейік, бұл ролик қоғамда талқыланып жатқан бастамалар аясында пайда болды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі артық зейнетақы жинақтарын қолданыстағы ипотеканың пайыздарын төлеуге пайдалануға тыйым салып, оларды тек негізгі қарызды өтеуге бағыттауды ұсынған еді.
Министрліктің бұйрық жобасы 21 қарашаға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.


