NoFake

ЖИ жасаған фото-видеоны қалай тануға болады — маман түсіндірді

Фото: Depositphotos

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары,  Ұлттық киберқауіпсіздікті үйлестіру орталығының басшысы Ұлықбек Шамбулов ЖИ-мен жасалған фото-видеоны қалай анықтауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Маманның пікірінше, оларды ажыратудың бірнеше тәсілі бар. Ол ЖИ суретті жасаған кезде шетінен бастап жасайтынын және ондай суретті күн, жарықтан түсетін көлеңке тұрғысынан анықтауға болатынын атап өтті.

«Мысалы, қарапайым суретті алсаңыз, жол бір нүктеген келіп түйісу керек. Ал, ЖИ жасаған суретте ол жол түйіспей қалады. Дәл солай күннен немесе шамнан түскен жарықта шын өмірде бәріне бірдей түседі. ЖИ-мен жасалған кезде, ол әдемі болғанымен, бірдей болмай қалады. Неге? Себебі, ЖИ суретті бірден салмайды, ол шетінен бастап, пиксельдермен сала бастайды», Сондықтан оларды перспектива, көлеңке тұрғысынан ажыратуға болады», — деді ол.

Сонымен бірге, ол ЖИ-мен жасалған суретті мета деректер арқылы ажыратуға болатынын жеткізді.

«Егер ЖИ-мен жасалған сурет не видеоны бірден жіберсе, онда оның мета деректері арқылы анықтауға болады. Ал суреттің мета деректерін жақсылап тазаласа, онда оны табу қиынырақ болады. Meta деректер дегеніміз – кез келген құжат немесе файлды жасаған кезде, оның қашан жасалғаны, қандай компьютерде жасалғаны, қандай қолданушы жасалғаны, бәрі енгізіледі. Дәл сол секілді, немен жасалғанын, яғни ЖИ-мен жасалғанын сол мета деректер арқылы көруге болады», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Egov платформасының фишингтік сайты құрылғаны туралы ақпаратты растаған еді.

Оқу үшін