«14 қазақстандық елшілікке жеткізіледі»: СІМ адвокаттың мәлімдемесін жоққа шығарды

Коллаж: NoFake.kz
Ресейдегі соғысқа тартылған 14 қазақстандықтың Қазақстан елшілігіне жеткізілетіні туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы редакциямызға еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұған дейін адвокат Мейірман Шәкеев Ресейдегі соғысқа тартылған қазақстандықтардың алғашқы тобы елшілікке жеткізілетінін хабарлаған.

Оның айтуынша, мәселе Президенттің тікелей бақылауына алынған. Алайда Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр.Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді. Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін.Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды», – деп мәлімделі министрліктің ресми өкілі.
Контекст
Мейірман Шәкеев Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін соғысқа тартылған 21 қазақстандықтың отбасының мүддесін қорғайтынын мәлімдеген. Оның дерегінше, азаматтардың басым бөлігі Луганскіде, ал кемінде екеуі ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақта болған.
Осыған дейін аталған азаматтардың аналары мен туыстары Астанаға келіп, жақындарын елге қайтаруға көмектесуді сұраған.
СІМ мәліметінше, қазақстандықтарды қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Алайда 14 азаматтың елшілікке жеткізілетіні туралы ақпарат расталмады. Бұған дейін де СІМ азаматтардың өтініштері тексеріліп, Ресей тарапымен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлаған.


