Депрессия диагнозы еңбек тарихында қалай сақталады — Министрлік түсіндірді

Фото: Depositphotos.com
Әлеуметтік желілерде «Қазақстандықтар депрессия кезінде екі айға дейін еңбекке жарамсыздық парағын ала алады» деген ақпарат тарағаннан кейін, көпшілік «депрессия диагнозы еңбек тарихында сақталып, кейін жұмысқа тұруға кедергі болмай ма?» деп алаңдай бастады.
nofake.kz/ бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінді. Министрліктің ресми өкілі Әсел Қазбекқызы депрессия — психикалық диагноз ретінде медициналық құжаттамада міндетті түрде сақталатынын растады.
«Иә, себебі бұл психикалық диагноз болып саналады. Тек қана депрессия емес, барлық емделген жағдайлар пациенттің де, емделген мекеменің де тарихында міндетті түрде қалады. Диагноз психиатр дәрігерімен қойылады. Есепке алынған соң ол медициналық жүйеде көрініп тұрады. Әр аурудың клиникалық хаттамасына сәйкес ғана есептен шығарылады», — деді министрлік өкілі.
Депрессия — адамның бірнеше күндік көңіл күйінің түсіп кетуі емес, ұзақ уақытқа созылатын, белсенділікті төмендететін психикалық бұзылыс. Сондықтан диагноз қою арнайы тексеруді талап етеді. Осы тұста көпшіліктің «депрессиямен емделсең, психдиспансер тізіміне түсіп қаласың» деген қорқынышы жиі байқалады. Алайда мұндай түсінік толық шындыққа жанаспайды.
Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психотерапевті Әлима Қанқұлова еңбекке жарамсыздық парағы тек стационарда жатқан кезде ғана ашылатынын түсіндірді.

«Адам депрессиямен стационарға түскенде ғана оған еңбекке жарамсыздық парағы ашылады. Амбулаторлық жағдайда біз адамды өз келісімінсіз тіркеуге қоя алмаймыз. Тіркеуге қою үшін нақты көрсеткіш болуы керек. Ең кемі 21 күн күндізгі стационарда еңбекке жарамсыздық парағы ашылады. Науқастың жағдайы түзеліп, шағымы жойылғанда ғана есептен шығарылады. Бұл ақпарат еш жерде шықпайды, тек біздің ішкі базада сақталады», — деді маман.
Айта кетейік, министрлік өкілінің «диагноз медициналық жүйеде көрініп тұрады» деген сөзі әлеуметтік желі қолданушылары арасында «екі айға емделсең, психдиспансерде тізімде болып қаласың» дегенді растамайды. Емделіп, тізімнен алынғаннан кейін ол құқықтық шектеулер туғызбайды, жүргізуші куәлігіне, жұмысқа орналасуға, әскери немесе мемлекеттік қызметке кедергі болмайды және ешқандай ашық базада көрінбейді.
Қазақстан заңнамасында қару ұстауға, кей қауіпті өндірісте жұмыс істеуге, авиация немесе теміржол саласына баруға тыйым салатын қатаң психиатриялық диспансерлік есеп тек ауыр, созылмалы психикалық ауруларға ғана қатысты. Сондықтан депрессиямен емделу, еңбекке жарамсыздық парағын аштыру немесе психиатр бақылауына «уақытша алыну» адамның құқықтық мәртебесіне әсер етпейді.


