ҚР ДСМ: Қазақстанда міндетті маска режимі енгізілген жоқ

Фото: Depositphotos.com
Әлеуметтік желілерде қоғамдық орындарда міндетті маска тағу режимі енгізілді және еліміздегі оқу орындарында карантин болуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ведомствоның мәліметінше, маскаға қатысты ешқандай талап енгізілген жоқ.
«Біз медициналық масканы тек адам көп жиналатын, жұқпалы аурулар жұғу қаупі бар жабық орындарда тағуды ұсынамыз. Бірақ халықты маска тағуға міндеттемейміз. Бұл — қазаннан сәуірге дейін созылатын ЖРВИ мен тұмау эпидмаусымымен байланысты. Осы кезеңде ауру жұқтыру қаупі артады. Біз тек халықты сақ болуға шақырамыз», — деді Комитет өкілдері.
Міндетті маска режимі расымен енгізілген, бірақ ол медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне ғана қатысты. Бұл талап 1 қазаннан келесі жылдың сәуіріне дейін сақталуы тиіс. Комитет аталған шараның коронавируспен байланысы жоқ екенін атап өтті.
«Ковид бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Қыркүйектен бастап ел бойынша 80-нен астам жағдай тіркелді. Бұл өткен маусымдағы көрсеткішпен салыстырғанда бес есе төмен. Ешқандай өршу жоқ, өсім жоқ, керісінше, төмендеу байқалады», — деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ, мектептерде карантин енгізілетіні туралы ақпарат та расталмады. Оқушыларды онлайн оқыту форматына көшіру туралы шешімді әр мектеп жеке қабылдайды. Бас санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, егер бір сыныпта сырқаттанғандар саны 30%-дан асса, мектеп уақытша қашықтан оқытуға көшуге құқылы.
Комитеттің дерегінше, қыркүйектен бері Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам ЖРВИ және тұмау жұқтырған. Ал былтыр дәл осы уақытта 1,5 миллион науқас тіркелген, яғни, өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға аз.


