«Алматыда «қарумен» елді қорқытқан бұзақы жазасыз қалды» — жалған

Фото: Gov.kz
Алматыда полиция қолында тапаншаға ұқсаған зат ұстап, қызды қуған ер адамды ұстады. Кейін оның ойыншық екені анықталды. Бұзақылық жасаған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұған дейін Telegram-арналардың бірінде белгісіз ер адамның Тимирязев көшесінде қызға тиісіп, соңынан ергені туралы ақпарат тараған. Жазбада қыздың бутикке кіріп жасырынғаны, ал ер адамның «тапаншаға ұқсас затты» шығарып кіреберісте күтіп тұрғаны айтылған. Сондай-ақ полиция күдіктімен тек «әңгімелесумен» шектелді деген мәлімет тараған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, ер адамның ұсталып, бөлімшеге жеткізілгенін нақтылады.
«Белгілі болғандай, ұсталған — белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, мас күйде жүрген ер адам. Оның қолындағы зат — қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін ойыншық тапанша. Бұл факті бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды», — делінген ведомство хабарламасында.
Іс материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.


