«Нұр-Мүбарак» университеті оқытушысының педофилдерге қатысты мәлімдемесіне ресми түсініктеме берді

Фото: muftyat.kz
Threads әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті оқытушысының мәлімдемесіне қатысты университеттің баспасөз қызметі ресми түсінік берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Желіде қызу талқыланып жатқан видеода университет қызметкері Нұржан Смағұлов «Педофилдер – Алланың бар екенінің дәлелі» деген пікір айтады. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, видео контекстен қиып алынған.
«Біріншіден, әлеуметтік желілерде тараған Нұржан Смағұловтың педофилия тақырыбына қатысты бейнежазбасы Нұр-Мүбарак университетінің ұстанымын білдірмейді. Екіншіден, аталған видео контекстен үзіп алынған. Өкінішке қарай, бейнематериалдың қысқартылған нұсқасы бұрмаланып, толық мазмұнсыз таратылған. Үшіншіден, ислам діні педофилия мен ар-намысқа қол сұғудың кез келген түріне түбегейлі қарсы. Мұндай әрекет дін бойынша — ауыр күнә әрі қылмыс. Ислам діні адам абыройын, соның ішінде баланың құқығы мен қадір-қасиетін қорғауды басты міндеттердің бірі деп санайды. Төртіншіден, университет тарапынан Нұржан Смағұловқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта осындай түсінбеушіліктердің алдын алу мақсатында оған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сөз жауапкершілігін сақтау туралы ескерту жасалды. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, Ислам ілімінің рухани-этикалық қағидаттарына және ҚМДБ ұстанымына толықтай сәйкес жүзеге асырады», — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, видеоға қатысты белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышханұлынан пікір сұрадық.

«Егер жамандықтардың болуы Алланың қалауынан деп түсіндірілсе, онда адам қол қусырып отыра беруі керек пе? Дін ілімінде мұндай ұстаным дұрыс емес. Құранда: «Бастарыңа жақсылық келсе – ол Алладан, ал жамандық келсе – өз қолдарыңмен істегендеріңнен» деп айтылған. Демек, қоғамда қандай да бір жамандық орын алып жатса, ол – өзіміздің тәрбиесіздігіміздің, әрекетсіздігіміздің немесе сол мәселеге көз жұма қарауымыздың салдары. Сондықтан жамандыққа қарсы тұру, жақсылыққа ұмтылу – исламның негізгі парыздарының бірі. Бұл жерде айтылған ой контекстен үзіліп кеткен сияқты, сондықтан оны тура сол мағынада дұрыс жеткізілді деп айту қиын. Мысал орынсыз әрі қате берілген», – деді дінтанушы.
Аталған мәселеге қатысты ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне хабарластық. Айтуларынша, видеоға сараптама жасалып жатыр.


