Алаяқтар «счетчик ауыстырамыз» деп код сұрайды: Астана-АЭК ескертеді

Коллаж: nofake.kz/
Әлеуметтік желілерде алаяқтардың жаңа әдісі туралы ақпарат тарады. Белгілі болғандай, олар елордалық тұрғындарға қоңырау шалып, «электр есептегішті ауыстыру керек, бәрі электронды түрде жасалады» деп сендіріп, SMS-код сұрайды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Астана тұрғыны Ақбота Талғатқызының айтуынша, алаяқтар оның анасына жұмыс уақытында хабарласып, жедел түрде есептегішті ауыстыру қажет екенін айтып, 1414-тен келген растау кодын сұратқан. Әйел кодты айтып қойғаннан кейін, жеке кабинетіне заңсыз кіруге әрекет жасалған.
«Алаяқтарға алданып қалмайық деп жүріп, алданып қалдық. Мамама қоңырау шалып, “счетчикті ауыстыру керек, бәрі онлайн, тез болады, код айтыңыз” депті. Мамам айтқан. Кейін eGov-тан, банктерден, займ ұйымдарынан қоңырау түсіп, әбігерге салды. ЭЦҚ арқылы жеке кабинетке кірген дейді», — деді Ақбота бейнежазбасында.
nofake.kz/ болған оқиғаға қатысты пікір алу үшін Астана АЭК компаниясына хабарласты.
«Құрметті елорда тұрғындары! «Астана-АЭК» АҚ көппәтерлі тұрғын үйлердегі электр есептегіштерді ауыстырумен айналыспайтынын және кодты растау, ұялы телефондарға жіберуді сұрамайтынын, сондай-ақ есепке алу аспаптарын ауыстыруға кезекке қоймайтынын хабарлайды. Сауалдар туындаған жағдайда «Астана-АЭК» АҚ ЭКЕАЖ қызметіне 578 290, 578 288 телефоны бойынша хабарласыңыздар», — деп жауап берді баспасөз қызметі.


