О дүниеде әпкелі-сіңлілер көріспейді — жалған

Depositphotos
Әлеуметтік желіде «бір анадан туған апалы-сіңлілер жәннатта бір-бірін көрмейді» деген пікір жиі жазылады. nofake.kz/ аталған ақпараттың қаншалықты рас екенін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және исламтанушылардан нақтылап сұрады.

«Тәпсірші ғалымдар, мысалы имам Ибн Касир мен имам Қуртуби, жәннатта апалы-сіңлі, ағалы-інілі туған бауырлар бір-бірін көре алады деп түсіндіреді. Оған қатысты Құран аяттары бар. Мысалы, имам Ибн Касир “Рағд” сүресінің 23-24 аяттары негізінде бауырлардың жәннатта бір-бірімен кездесетінін айтады. Сондықтан Алланың рақымымен бауырлар — ер де, әйел де — жәннатқа кірсе, бір-бірін көре алады», — деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.
Сол сияқты осы сұрақты дінтанушы ғалымдарға да қойып көрген едік. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, исламтанушы Әл-Фараби Болатжан бұл туралы былай деді:
«Исламның қайнар көзі Құранда апалы-сіңлілер жұмақта қауышпайды деген сөз жоқ. Құран бойынша жұмаққа лайықты адам кіреді, оның ішінде жанның тілеп, сұрағаны болады (41 сүре 31 аят). Жұмақ тұрғындары бір-бірімен араласады. Егер туысқандар, соның ішінде апалы-сіңлілер жұмақта болуға лайық болса, олар әрине кездесе алады. Мысалы, 15 сүре 47 аятта бауырлар жұмақтағы төсектерде бір-біріне қарама-қарсы жатып орналасады делінген. Бұл жерде жалпылама көпше түрде «бауырлар» делініп тұр. Бұл тек ерлерді ғана білдіре бермейді, соның ішінде әйел заты да кіреді», — деп жауап берді дінтанушы ғалым.


