«Павлодардағы алтын зауыты Ертісті ластап жатыр» — Министрлік жауабы

Фото: Павлодар облыстық әкімдігі
Әлеуметтік желілерде Павлодар облысында салынып жатқан алтын өңдеу зауыты Ертіс өзеніне улы қалдық төгіп, экологиялық жағдайды нашарлатып жатыр деген ақпарат тарады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Ведомствоның хабарлауынша, «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС жобасы бойынша 2025 жылғы 23 сәуірде қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімінің бастапқы кезеңі – қызмет саласын айқындау қорытындысы берілген.
«Жоба алтын құрамды концентраттарды өңдеу, технологиялық жолдар салу және қалдық шлам жинақтауға арналған нысандарды қамтиды. Алайда кәсіпорын қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысын алу үшін өтініш әлі тапсырмаған. Яғни жобаның экологиялық сараптамасы толық аяқталған жоқ. Бұл кезең аяқталмайынша нысанды салуға және пайдалануға рұқсат берілмейді», — делінген хабарламада.
Министрлік қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылысы басталмағанын және өндірістік процесс іске қосылмағанын мәлімдеді. Сол себепті Ертіс өзеніне улы қалдық төгу фактілері тіркелмеген.
«Жобада алтын өндірудің автоклавты технологиясы қарастырылған. Бұл — сульфидті алтын концентраттарын өңдеуде қолданылатын гидрометаллургиялық әдіс. Дегенмен өндіріс іске қосылар алдында технологиялық процестердің экологиялық қауіпсіздігі бойынша толық сараптама жүргізіліп, эмиссия нормативтері бекітіледі», — деп айтылған жауапта.
Министрліктің ақпаратынша, жоба аясында қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Қоғам өкілдері мен жергілікті тұрғындар экологиялық талаптар жөнінде өз пікірін білдіре алады. Ведомство әлеуметтік желілерде тараған ақпарат расталмағанын атап өтіп, экологиялық мәселелер бойынша ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.


