NoFake

Белгілі нейрохирург қант диабетіне қарсы дәрі сатады — жалған

Фото: Мыңжылқы Бердіқожаев, жеке архивтен

Әлеуметтік желілерде белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаның атынан қант диабетіне қарсы дәрілік препарат жарнамаланып жатыр. Роликтерде дәрігер 65 мың теңге тұратын «емдік дәріні» мақтап, оны сатып алуға кеңес бергендей көрсетілген. Алайда бұл ақпарат — жалған, деп хабарлайды nofake.kz/.

Мыңжылқы Бердіқожаның айтуынша, соңғы күндері оған осы жарнамаға қатысты бірнеше адам жазған.

Скриндер дәрігер архивінен

«Instagram-да Алина есімді оқырманым хабарласып, менің атымнан қант диабетіне қарсы дәрі сатылып жатқанын айтты. Бағасы — 65 мың теңге. Алаяқтар оны ішсе, инсулиннен бас тартуға болады деп сендірген. Бұл — өтірік. Мен ол ақпаратты растамадым. Оқырманнан жалған жарнаманы әшкерелейтін видео жазуды сұрадым», — деді дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, тағы бір тұрғын да алданып қала жаздаған.

«Сарыағашта ем алып жатқан азаматтың немересі 1-дәрежелі қант диабетімен ауырады. Алаяқтар оған “бүйрегі бұзылып жатыр, біздің дәрі бәрін бір күнде тоқтатады” деп сендірген. Мен бұл ақпарат та фейк екенін айтып, аудиожазба жібердім», — деді маман.

Бердіқожа әлеуметтік желі қолданушыларын мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырды. Ол полицияға шағым түсіргенін, алаяқтарды анықтау біраз уақыт алуы мүмкін екенін айтты.

«Барша қазақстандықтарды сақ болуға шақырамын. Дәрігерлердің атын пайдаланып, жалған ем-дом ұсынатындарға алданбаңыздар», — деді дәрігер.

Оқу үшін