NoFake

«Оземпик» пен «Мунджаро» арықтауға арналмаған

Коллаж: NoFake

Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен маркетплейстерде «тез арықтататын» дәрілер мен табиғи қоспалардың жарнамасы қаптап кетті. Әсіресе «Ozempic» және «Mounjaro» инъекциялық препараттары TikTok пен Instagram желілерінде «арықтататын дәрі» ретінде кеңінен танылды. Кейбір блогерлер бұл дәрілердің көмегімен бірнеше аптада 10 келіге дейін салмақ тастағандарын айтып, оны «қауіпсіз әрі табиғи» деп таныстырады. Алайда мамандар арықтаудың мұндай тәсілі ағзада  ауру тудыруы ықтимал екенін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды NoFake.

Әлеуметтік желідегі тренд пен онлайн сату қаупі

Бүгінде маркетплейстерде бұл препараттар ашық сатылуда. Жарнама мәтіндерінде «тез нәтиже береді», «табиғи әсер», «клиникалық түрде дәлелденген арықтау тәсілі» деген уәделер жиі кездеседі.
Бірақ көбінде бұл өнімдерде тіркеу нөмірі, өндіруші туралы мәлімет немесе сақтау шарты көрсетілмейді. Десе де әсіресе әлеуметтік желідегі блогер-косметологтар тұтынушыларды тарту мақсатында «Ozempic»-ті арықтаудың ең ұтымды құралы ретінде ашық жарнамалап жүр.

Кей сатушылардың айтуынша, «Оземпик» немесе «Мунджаро» – «диабетке қарсы емес, арықтауға арналған құрал». Бұл — жалған мәлімет.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті жоспардан тыс бақылау басқармасының бас сарапшысы Жәнібек Бексұлтановтың айтуынша, аталған препараттың сапасы мен қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ.

«Мунджаро» Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан оларды өз бетінше пайдалану — адам денсаулығына тікелей қауіп. Ал «Оземпик» тек екінші типтегі қант диабетін емдеуге арналған және дәрігердің рецептімен ғана беріледі. Бұл препараттардың ағзаға әсері гормондық деңгейде жүреді, яғни олар қандағы қантты, тәбетті және метаболизмді өзгертеді. Арықтау мақсатында бақылаусыз қолдану — гормондық бұзылыстарға, жүрек пен асқазан-ішек жолдарының зақымдануына, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін», — дейді Жәнібек Бексұлтанов.

Сарапшының сөзінше, комитет әлеуметтік желілер мен онлайн сатылымдарды үнемі бақылап отырады.

«Комитеттің және оның өңірлік департаменттерінің мамандары маркетплейстердегі жарнаманы тұрақты түрде мониторинг жасайды. Тіркелмеген дәрі-дәрмекті сату фактісі анықталса, жарнама мен өнімді алып тастау туралы хаттар жолданады. Мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ басты мәселе – азаматтардың өз жауапкершілігі. Әр адам кез келген дәріні тек лицензияланған дәріханадан, рецепт бойынша алуы керек», — дейді сарапшы.

Айта кетейік, Комитет тіркелмеген дәрілік заттарды өткізу немесе жарнамалау фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік шаралар қолданылатынын еске салады.

Аталған нормаға сәйкес тіркелмеген, қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткізу, қолдану және жарнамалау, егер олар адамның денсаулығына зиян келтірмеген жағдайда, төмендегі айыппұл салынады:

  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1500 АЕК, қызметін тоқтата тұра отырып, құқық бұзушылық нысаналарын және оны жасау нәтижесінде алынған кірістерді тәркілей отырып.
  • жеке тұлғаларға – 100 АЕК;
  • лауазымды адамдарға – 150 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК;

Елімізде мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік препараттарды қолдануға заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, кейбір сұлулық салондары оларды ашық түрде жарнамалап, клиенттеріне ұсынуда. Мәселен, елордалық ProFace косметология клиникасы өз сайтында «Mounjaro» препаратын арықтаудың тиімді тәсілі ретінде жариялап, оны емдік мақсатта қолдануға болатынын ашық насихаттаған.

Әдетте тіркелмеген немесе интернеттен алынған дәрілердің сапасы расталмаған болуы мүмкін.

«Сатып алушы жалған өнімге тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда препарат терапиялық әсер бермейді, керісінше ауыр жанама әсерлер тудырады. 2020 жылдан бері “Оземпик” бойынша 13 жағымсыз реакция тіркелген: олардың ішінде асқазан-ішек бұзылыстары, аллергиялық реакциялар, алопеция (шаш түсу) бар. Бұл – тек дәрігердің бақылауымен қабылдауға болатын дәрі», — деп атап өтті Жәнібек Бексұлтанов.

 «Табиғи» деген – қауіпсіз деген сөз емес

Соңғы жылдары арықтау мақсатында дәрі ғана емес, шөптен жасалған қоспалар мен шайлар да белсенді түрде жарнамалануда. Әлеуметтік желілерде «100% табиғи», «органикалық арықтатқыш» деген атаулар жиі кездеседі.

Медицина ғылымдарының кандидаты, клиникалық фармакология кафедрасының доценті Сәуле Бүркітбаева мұндай өнімдердің қауіпсіздігі дәлелденбегенін және олардың жанама әсері дәріден де ауыр болуы мүмкін екенін айтады.

«Қазіргі таңда шөппен немесе табиғи қоспалармен арықтауға тырысатындар көбейіп барады. Бірақ бұл — өте қауіпті үрдіс. Себебі диеталық қоспалар (БАД) Қазақстанда тіркеуден өтеді, бірақ дәрі-дәрмектер сияқты клиникалық сынақтардан өтпейді. Сондықтан олардың ағзаға әсері толық зерттелмеген. Көптеген шөптердің әсері жүйелі, яғни олар бір мезетте адам ағзасының бірнеше жеріне зиян келтіруі мүмкін. Бұл – бауыр, бүйрек, жүрек және жүйке жүйесінің зақымдануына алып келеді», — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, ең көп кездесетін асқынуларға бауыр мен бүйрек жетіспеушілігі, аллергиялық реакциялар, жүрек-қантамыр бұзылыстары және улану жағдайлары жатады.

«Мысалы, сүйелшөп, жасыл шай немесе валерианасы бар тағамдық қоспалар бауырдың жедел зақымдануына әкелуі мүмкін. Ал ақжелкен, қалақай сияқты диуретикалық шөптерді шамадан тыс пайдалану сусыздандыру мен бүйрек жеткіліксіздігіне себеп болады. Кейбір шөптер, мысалы гинкго билоба, сарымсақ, зімбір, қан кетуді күшейтеді, ал шәй шөп пен валериана ұйқышылдық пен бас айналу тудырады», — дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, «табиғи = қауіпсіз» деген түсінік — қоғамда кең тараған, бірақ оның өз тәуекелі бар.

«Тіпті пайдалы шөптер де үлкен дозада улы болуы мүмкін. Кей өсімдіктердің құрамындағы алкалоидтар мен эфир майлары уланып, бауыр мен жүрекке зақым келтіреді. Табиғат – пайдалы заттардың көзі, бірақ ол да сақтықты талап етеді. Ғылыми бақылаусыз “табиғи еммен” арықтау — өлімге апаратын тәуекел», — деді Сәуле Бүркітбаева.

Дәрі-дәрмекті мемлекеттік ресми сайттан тексеруге болады

Адамдардың дәрігерге бармай, «жылдам нәтиже» уәде еткен препараттарға сенуі — әлеуметтік құбылыс. Интернет пен блогерлердің ықпалы, жалған жарнама, және «табиғи» дегенге сену — осының барлығы қауіпті трендті қалыптастырып отыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай тенденцияны ақпараттық және әлеуметтік қауіп ретінде қарау керек.

«Комитет дәрі-дәрмек айналымына және жарнамасына бақылауды күшейтті. Электронды БАҚ пен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ ең бастысы — халықтың ақпараттық сауаттылығы. Кез келген дәрінің тіркеуін www.ndda.kz сайтынан немесе «DARI» мобильді қосымшасынан тексеруге болады», – дейді Жәнібек Бексұлтанов.

Оқу үшін