Қолданылмайтын құрылғыны тоқтан ажырату — электр энергиясын үнемдей ме

Тұрмыстық техниканы пайдаланбасақ та, кейде тоққа қосулы қалдырамыз. Ал розеткадан ажыратылмаған құрылғы электр энергиясын тұтына ма? nofake.kz/ Астана қаласындағы кәсіптік-техникалық колледждің электромонтаждау бағыты бойынша оқыту шебері Мейірман Ахметжановқа хабарласты.
Электр құрылғылары техникалық ерекшеліктеріне қарай энергия тұтынады. Қарапайым құрылғылар — мысалы, үтік, суқайнатқыш, кәдімгі шамның — қосымша батырмасы (ON/OFF) толық өшірілген жағдайда электр энергиясын тұтынбайды, себебі оларда күту режимі жоқ.
Теледидар, компьютер, Wi-Fi роутер, микротолқынды пеш, кір жуғыш машина, электронды сағат, зарядтағыш адаптерлерде — күту режимі бар, сондықтан олар розеткаға жалғанған болса, қолданбасаңыз да тоқ тұтынады.
«Көпшілік байқамайтын нәрсе – техникалар «сөндірілген» кезде де энергия жұмсауы мүмкін. Бұл әсіресе заманауи құрылғыларға тән. Сондықтан ұзақ уақыт қолданбайтын техникаларды розеткадан суырып тастаған жөн», – дейді Мейірман Ахметжанов.
ҚАУІПСІЗДІК: Розеткадағы зарядтағыш пен шамадан тыс жүктеме – қауіп төндіреді
Маманның айтуынша, телефон қуаттағышты қолданған соң розеткадан ажыратпау — қауіпті. Себебі адаптер ішінде трансформатор мен конденсатор болады, олар құрылғы қосылмаған кезде де қызып кетуі мүмкін. Уақыт өте келе адаптердің оқшаулауы (изоляциясы) бұзылып, от шығуы ықтимал.
Тағы бір маңызды ереже — розетканы шамадан тыс жүктемеу. Бірнеше қуатты құрылғыны бір розеткаға қосып қойсаңыз, өрт тұтануы мүмкін.
Құрылғыны ылғал мен шаңнан қорғау да маңызды. Ас үй мен жуынатын бөлмедегі розеткалар үшін IP44 және қорғаныс деңгейі одан да жоғары үлгілерді пайдалану ұсынылады.
Электр энергиясын үнемдеу әдісі
Сарапшының айтуынша, заманауи технологиялар энергия үнемдеуге көмектесе алады. «Ақылды розеткалар» (smart sockets) Wi-Fi арқылы басқарылып, құрылғыны қашықтан қосып/сөндіруге мүмкіндік береді және жұмсалған энергияны есептеп отырады.
Сондай-ақ, сертификатталған адаптерлерді пайдалану керек, қуаты телефонға сай келетін 5V/2A сияқты зарядтағыш, ал USB-ажыратқыштар телефоннан ажыратылғаннан кейін энергия тұтынуы мүмкін, сондықтан оларды толық өшіру қажет.
Құрылғыларды өшіріп қана қоймай, розеткадан ажырату, зарядтағышты бос қалдырмау, артық жүктемеден сақ болу, ылғалдан қорғайтын розеткалар қолдану, энергия үнемдейтін ақылды құрылғылар қолданған дұрыс.


