Дропперлерге ескерту: Заңды білмеу — жауапкершіліктен босатпайды

Адам кездейсоқ немесе абайсызда дропперге айналмайды, оның түбінде оңай олжа мен қылмыстық ұсыныс жатыр. Сондықтан «танысым өтініш жасаған соң банктік шот пен карта нөмірін бердім», «дроппер болғанымды білмей қалдым» деген сылтау — жазадан босатпайды. Астана қаласы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі ескерту жасады.
«Threads» әлеуметтік желі қолданушы өзінің банктік шоты бұғатталғаны туралы пост жазды.

nofake.kz/ пост авторымен хабарласып, оның әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты толығырақ ақпарат сұрады.
«Бір жарым ай бұрын Астанадан Қарағандыға көшіп келдім. Жалдамалы пәтерге орналастық. Бір күні үй иесі: «Саған ақша аударамын, сен оны екіге бөліп қайта жібересің бе?», — деп сұрады. Келістім. Бірақ келесі күні ескертусіз тағы 20 мың теңге жіберілді. «Маған ақша салмаңыз, менің Kaspi қосымшамда график тұр» деп ескерттім. Бірақ ақша түсе берді. «Жібермеңіз» десем де, қайта-қайта аудара берді», – деді ол.
Осыдан кейін ол картамен төлем жасай алмай қалады, банк бөлімшесіне барғанда ғана «дропперлікпен айналысуы мүмкін» деген күдікпен шоты бұғатталғанын біледі. Астана қаласы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрлан Берікбаев білмей қалу адамды жазадан босатпайтынын ескертті.
«Байқамай дроппер болу деген болмайды. Телефонның арғы жағында отырған тұлға дропперге жұмыс ұсынады. «5-6 банк шотын ашып берсең, әрқайсысынан 20 мың, 50 мың теңге пайда көресің» дегендей ұсыныстар түседі. Көпшілік заңды біле тұра, ойланбастан келісіп қояды», – дейді Берікбаев.
ҚР ҚК 232-1-бабы бойынша банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қолжетімділік беру, алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау – дропперлік ретінде бағаланады. Айыппұлдан бастап, қоғамдық жұмыс, мүлікті тәркілеу, тіпті 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Осы бап негізінде дропперлер мен дроповодтар қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады. Заң шыққанына қарамастан, дропперлік фактілері азаймай отыр», — дейді Астана қаласы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрлан Берікбаев.
Сондай-ақ, полицей азаматтарға банктік шотты, карта нөмірін, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуді ескертті.


