NoFake

«Қазгидромет» Ташкентке шаң Қазақстаннан келді деген ақпаратты жоққа шығарды

«Қазгидромет» Ташкентке шаң Қазақстаннан келді деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: QazGidromet.kz

Өзбекстанның бірқатар басылымы «Өзгидрометке» сілтеме жасап, Ташкентке шаң Қазақстан аумағынан келгенін жазған. «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, 15–22 қараша күндері ауа ағындары Ташкентке негізінен оңтүстік-батыстан келген. Қазақстанды қаладағы шаңның көзі деуге ғылыми дәлел жеткіліксіз, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Қазгидромет» мамандары Ташкент, Сарыағаш және Шымкент маңындағы метеорологиялық жағдайды зерттеген. Олар Ташкентке жеткен ауа массаларының қай жақтан келгенін анықтау үшін қозғалыс бағытын кері есептеген.

«Зерттелген кезеңде Ташкент маңында атмосфералық қысым айырмасы аз болып, жерге жақын қабатта жел бәсеңдеген. Атмосфераның төменгі қабаттарында оңтүстік-батыстан, яғни Иран, Қызылқұм және Өзбекстанның оңтүстік-батыс аудандары жағынан келген ауа ағындары басым болды. NOAA HYSPLIT моделімен жүргізілген есептеулер ауа массаларының Қазақстаннан Ташкентке тікелей жеткенін растамады», – делінген «Қазгидромет» анықтамасында.

Шекарадағы станциялар нені көрсетті?

Мамандар «Өзгидрометтің» 20 қарашадағы бюллетенін де келтірген. Сол күні ауадағы PM10 бөлшектерінің мөлшері Бұхарада текше метріне 291,9 микрограмға, Науаида 272,2, Жызақта 181, Самарқанда 170,1 микрограмға жеткен. Ташкентте бұл көрсеткіш 23,9–75,4 микрограмм аралығында болған.

«Жарияланған деректер мен есептеулерге сүйенсек, Ташкентте PM10 және PM2,5 бөлшектері мөлшерінің артуына Қазақстан аумағындағы көздер себеп болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелденген деп санауға болмайды. Шекара маңындағы бақылау станцияларында тіркелген көрсеткіштер ластаушы заттардың қай аумақтан келгенін анықтауға жеткіліксіз. Ташкент ауасының сапасына қаланың өзіндегі көлік, жылыту жүйелері, өнеркәсіп пен құрылыс, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайлар елеулі әсер етеді», – деп түсіндірді мамандар.

Қауіпсіздік кеңестерінің кездесуінде қандай дерек пайдаланылды?

«Қазгидромет» бұған дейін 2015–2025 жылдардағы бақылау деректерін зерттеген. Сол кезеңде батыстан және оңтүстік-батыстан соққан ауа ағындарының үлесі 35–71 пайыз болған. Ал солтүстіктен, яғни Сарыағаштан оңтүстікке қарай соққан ауа ағындарының үлесі 3–5 пайызды құраған. Көпжылдық бақылау Сарыағаштан Ташкентке қарай тұрақты ауа ағыны барын растамаған. Анықтамаға сәйкес, бұл қорытындыны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Росгидромет» және «Белгидромет» сарапшылары да растаған.

Көпжылдық зерттеудің нәтижелері Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваға ұсынылған. Бұл деректер 2–3 қарашада Шымкентте Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовпен өткен кездесуде пайдаланылған. Ал Ташкентке 15–22 қарашада жеткен ауа ағындарына қатысты талдау сол кездесуден кейін жүргізілген.

Оқу үшін