NoFake

2027 жылғы мамырда Алматыда халықаралық UFC турнирі өтетіні рас па

2027 жылғы мамырда Алматыда халықаралық UFC турнирі өтетіні рас па

Фото: Sports.kz

Әлеуметтік желілерде 2027 жылғы 1 мамырда Алматыда UFC турнирі өтетіні туралы ақпарат тарады. Жазбаларға қоса жарияланған скриншотта жарыс өтетін орын ретінде «Алматы Арена» көрсетілген. NoFake.kz редакциясы бұл ақпаратты нақтылау үшін Туризм және спорт министрлігіне хабарласты.

Министрлік не деді?

Желіде тараған фотодағы кестеде 1 мамыр Proposed Date, яғни «ұсынылған күн» деп көрсетілген. «Алматы Арена» да жарыс өтуі мүмкін алаң ретінде жазылған.

Желіде тараған ақпараттың скрині.

Скриншоттың өзінде турнирдің күні мен орны бекітілгені туралы мәлімет жоқ.

«Желіде тарап жатқан ақпаратты растамаймыз. Әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді Туризм және спорт министрлігі редакция тілшісіне.

Ақпарат қайдан шықты?

Бұған дейін, 19 қарашада, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда UFC турнирін өткізу мәселесі бойынша бірнеше жұмыс кездесуі өткенін айтқан.

«Қарашаның соңында Қазақстанда UFC турнирін өткізу жөнінде қандай шешімге келгенімізді толығырақ айтамыз. Барлық жұмыс атқарылды, ай соңында нәтижесін жариялаймыз», – деген Мырзабосынов.

Сондай-ақ, «Вестник ММА» телеграм каналы UFC турнирі 1 мамырға жоспарланып отырғанын жазған.

Дана Уайт Қазақстандағы турнир туралы не айтты?

UFC басшысы Дана Уайт та 24 қазанда Абу-Дабиде өткен баспасөз мәслихатында журналистің Қазақстан туралы сұрағына жауап берген. Ол ұйымның елде турнир өткізу үшін жұмыс істеп жатқанын айтқанымен, нақты қала мен күнді атамаған.

Түйін

25 қарашадағы жағдай бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Турнирдің 2027 жылғы 1 мамырда «Алматы Аренада» өтетіні ресми түрде расталған жоқ. Халықаралық турнирлерге жалған билет ұсынатын алаяқтардан сақ болыңыз. Билет аларда сатылым басталғанын ұйымдастырушының ресми сайтынан тексеріп, сол жерде көрсетілген билет операторына жүгініңіз.

Оқу үшін