Вакцина туралы мифтер: шындық пен жалғанның аражігі

Фото: Freepik.com
Қазіргі таңда вакцинация тек аурудың алдын алу шарасы емес, фейктермен күрестің де нысанына айналды. Әсіресе әлеуметтік желілерде тарайтын жалған ақпараттар адамдардың қорқынышын күшейтіп, вакцинацияға деген сенімді әлсіретіп отыр. Осыған байланысты NoFake осы тақырып аясында қоғамда тарап жүрген мифтерге қатысты ақпараттарды жинап, маманнан нақты жауаптарды алды.
Қорқыныш пен күмәннің түп-тамыры неде?
Астана қаласындағы №8 емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі, педиатр-дәрігер Гүлжанар Накипованың айтуынша, қоғамдағы вакцинаға деген күмәннің бірнеше негізгі себебі бар. Ең алдымен бұл — ақпараттың жетіспеушілігі мен дезинформация.
«Әлеуметтік желілерде ғылыми негізі жоқ, эмоцияға әсер ететін фейктер жылдам тарайды. Көпшілік ондай ақпараттың шын-өтірігін ажырата алмай, сеніп қалады», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімсіздік те үлкен рөл атқарады. Кей азаматтар дәрігерлер мен фармацевтикалық компанияларға күмәнмен қарап, екпеден бас тартады. Ал кейбір адамдар айналасындағылардың жеке тәжірибесіне сүйеніп, жеңіл реакцияны қауіпті деп қабылдайды.
Мифтер желісі
«Екпе ауру тудырады» деген пікір қоғамда ең кең тараған жалған ақпарат. Алайда бұл – ғылыми негізі жоқ тұжырым.
«Вакциналардың жұмыс істеу принципі ауру тудыруға емес, керісінше, ағзаны сол аурумен күресуге үйретуге негізделген. Мысалы, инактивтендірілген вакциналарда тек өлтірілген вирус бөлшектері бар, олар ауру шақыра алмайды. Ал тірі әлсіретілген вакциналар ағзада тұрақты иммунитет қалыптастырады, бірақ ауру тудырмайды», – деп түсіндіреді педиатр.
«Вакцина бедеулікке әкеледі» деген жалған ақпарат. COVID-19 пандемиясы кезінде бұл миф кеңінен таралды. Гүлжанар Накипова бұл пікірдің еш ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті.
«Вакцинадағы спайк-ақуыз плацентаның қалыптасуына әсер етпейді. Әлем бойынша миллиондаған әйел вакцина алғаннан кейін еш қиындықсыз ана атанды. Ал керісінше, COVID-19 сияқты ауыр инфекциялар ұрпақ өрбіту жүйесіне зиян тигізетіні дәлелденген», – дейді дәрігер.
Екпеден кейінгі жайсыздық – қорқыныш емес, қалыпты жағдай. Дәрігердің айтуынша, екпеден кейін дене қызуының сәл көтерілуі, екпе салған жердің қызаруы немесе әлсіздік – иммундық жүйенің қалыпты реакциясы.
«Бұл белгілер бірнеше күнде өздігінен басылады. Ал егер жоғары температура (39°C-тен асса) немесе ауыр аллергиялық реакция байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі,» – дейді маман.
«Табиғи иммунитет екпеден жақсы» деп топшылайтындар да бар. Алайда бұл қате пікір. «Табиғи иммунитет» алу үшін алдымен адам аурумен ауырып шығу қажет, ал бұл – тәуекелге барумен тең.
«Қызылша, полиомиелит, COVID-19 секілді аурулар ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Ал вакцина аурудың қауіпті кезеңінсіз-ақ қорғаныс қалыптастырады. Кей жағдайда вакцинамен қалыптасқан иммунитет табиғидан да тұрақты болады», – дейді дәрігер.
Балаларға екпе салу мүгедектікке әкелетін асқынулардан сақтайды
Балаларға арналған міндетті екпелер — тек жеке қорғау емес, қоғамдық денсаулықтың кепілі. Профилактикалық егуді жүргізу мерзімдері ғылыми деректермен негізделген және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған. Балаларға қандай мерзімде егу жасау керектігін gov.kz сайтынан да көруге болады.
«Екпелер балаларды қызылша, полиомиелит, сіреспе (столбняк), дифтерия, көкжөтел сияқты өлімге әкелетін аурулардан қорғайды. Екпелер мүгедектікке әкелетін асқынулардан сақтайды (мысалы, полиомиелиттен кейінгі сал ауруы, қызылшадан кейінгі мидың зақымдануы). Ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, аурудың таралуын тоқтатады. Вакцинация баланың денсаулығын ғана емес, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына, дамуына мүмкіндік береді», – дейді маман.
Ұжымдық иммунитет неге маңызды?
Халықтың басым бөлігі вакцина алғанда ғана аурудың таралу тізбегі үзіледі. Бұл – иммунитеті әлсіз немесе медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарды қорғаудың ең тиімді жолы.
«Екпеден бас тартушылар көбейген сайын ұжымдық қорғаныс әлсірейді. Соның салдарынан бұрын ұмытылған аурулар — мысалы, қызылша мен көкжөтел — қайта өршіп жатыр,» – дейді педиатр.
Вакцина сапасы қалай бақыланады?
Вакциналар — сапасы ең қатаң бақыланатын медициналық өнімдердің бірі. Олар ДДСҰ-ның алдын ала біліктілігі, GMP стандарттары және «суық тізбек» жүйесі арқылы бақыланады.
«Бұл талаптар вакцина тиімділігін әлемнің кез келген нүктесінде сақтауға мүмкіндік береді», – дейді Накипова.
Иммунитеттің ұзақтығы мен ревакцинация
Әр вакцинаның әсер ету уақыты әртүрлі:
- Қызылша, паротит, қызамыққа қарсы екпе өмір бойы қорғайды;
- Дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе 10 жыл сайын қайталануы тиіс;
- Тұмауға қарсы вакцина жыл сайын жаңартылып салынады.
Иммунитетті сақтау үшін дәрігердің айтуынша, ең бастысы — егу күнтізбесін сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және уақытында ревакцинация алу қажет.
Тұмауға қарсы екпе – күздің ең маңызды қорғанысы
Мақала соңында айта кетейік, қазір елде тұмауға қарсы вакцинация науқаны жүріп жатыр. Бұл кезең тұмау эпидемиясының басталуынан бұрын иммунитетті қалыптастырып үлгеру үшін ең оңтайлы уақыт болып саналады.
«Тұмау кәдімгі суық тию емес. Ол пневмония, миокардит, энцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Вакцина аурудың ауыр ағымынан және өлімнен сақтайды, сондай-ақ ұжымдық иммунитетті қалыптастырады», – дейді дәрігер.
Осылайша мамандар мифтер мен фейктерге емес, медицина мен дәлелденген ғылымға сүйенуге шақырады.
«Вакцина – аурумен күрестің ең тиімді және қауіпсіз жолы. Мифтерге емес, медицинаға сенейік», – дейді Гүлжанар Накипова.


