NoFake

Жануарлар ауруы төңірегіндегі дүрбелең: Қазақстандағы зооноз туралы қауесеттің түбінде не тұр

Freepik.com

Әлеуметтік желілерде «құс холерасы» туралы хабарлама пайда болған сәтте, «үрей» кез келген вирустан да жылдам тарайды. Мессенджерлер хабарламаларға толып, адамдар жаппай маска сатып алып, фермерлер сау құстарын қырып тастайтын да кездер болады. Ал шындығында ешқандай індет болмауы да мүмкін. Мұндай қауесет Қазақстанда неге пайда болады және оларды тоқтату үшін не істеу керек?

Бір қауесеттің тарихы: Бугровое ауылы қалай дүрбелең ортасына айналды

2025 жылдың қыркүйек айының соңында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бугровое ауылында үй құстары — қаздар, тауықтар мен күркетауықтар жаппай қырыла бастады. Бар-жоғы екі апта ішінде шамамен төрт мыңға жуық құс өлді. Әлеуметтік желілерде бірден «құс холерасы» туралы айтыла бастады, ал кейбір парақшалар тіпті «құс тұмауы» жайлы жазды.

Алайда шындық әлдеқайда басқаша көрініске ие: 3 қазанда жарияланған зертханалық талдаулар «пастереллез» диагнозын растады. Бұл шынында да құстар үшін қауіпті бактериялық инфекция, бірақ оның тұмауға еш қатысы жоқ. Құс тұмауына жүргізілген тестілер бірнеше рет теріс нәтиже көрсетті. Ошақ оқшауланып, өлген құстар санитарлық талаптарға сай жойылды, ал иелеріне өтемақы төлеу қарастырылды.

Бір қарағанда, мәселе шешілгендей. Бірақ қауесет аймақты шарлап, елдімекенде дүрбелең туғызды. Бұл бірінші мәрте болып жатқан жағдай емес.

«Өткен жылы да “инфекция түскен ет сатылып жатыр” деген қауесет шыққан болатын. Оның да негізі жоқ еді. Осындай жалған ақпараттың таралу қаупін азайту үшін қоғамға дер кезінде және нақты ақпарат беру өте маңызды», — дейді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл.

Қауесеттің анатомиясы: оның пайда болуының төрт себебі

 1. Алғашқы 48 сағаттағы ақпараттық вакуум

«Қауесеттердің таралуын болдырмау үшін ашықтық қажет», — дейді эпидемиолог-дәрігер Манар Смағұл.

Алайда зертханалық диагностика уақытты қажет етеді.

«Ерекше қауіпті инфекциялар мен зооноздар тіркелген жағдайда, оған зертханалық түрде расталған дәлел керек. Ал зертханалық тексеріс инфекция түріне қарай бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін», — деп түсіндіреді сарапшы.

Бірақ дәл осы кідіріс жұртқа ақпараттың “жасырылуы” сияқты көрінеді.

«Ақпарат «жасырылған» сияқты қабылданбас үшін, күдік тудырған жағдайлар туралы да, науқастардың жағдайы туралы да ашық айту өте маңызды. Ал алғашқы зертханалық нәтиже шыққан сәтте-ақ, ол аурудың расталған-расталмағанын жұртқа бірден хабарлау керек», – дейді Манар Смағұл.

Егер екі тәулік бойы ешкім түсініктеме бермесе, адамдар болжам жасайды. Ал ол болжамдар бұрмаланған болуы бек мүмкін.

2. Терминдердегі шатасу: «холера» қалай «тұмауға» айналады

Күнделікті өмірде бұл атаулар жиі шатастырылады. «Құс холерасы» — пастереллездің халық арасындағы атауы (бұл бактериялық инфекция). Бірақ ветеринариядан бейхабар адам үшін бұл сөз тіркесі үрей туғызады.

Ал құс тұмауы — мүлде басқа ауру. Ол вирус арқылы тарайды және адамға жұғып, ауыр түрде өтуі мүмкін. Ал Бугровое жағдайында әңгіме тек бактериялық инфекция жайында болды, ол адамға айтарлықтай қауіп тудырмайды, тек қарапайым сақтық шараларын ұстану қажет.

3. Ақпараттың әр түрлі таралуы: әркім өздігінше топшылайды

«Жергілікті ауруханалар мен өңірлік денсаулық сақтау басқармалары қажет болған жағдайда халықты күн сайын немесе апта сайын хабардар етіп отыруға тиіс», — дейді Манар Смағұл.

Бірақ іс жүзінде жағдай көбіне басқаша өрбиді: ветеринариялық қызмет зерттеу жүргізіп жатқанда, әлеуметтік желілерде жергілікті белсенділер “өз нұсқаларын” тарата бастайды. Осы ақпарат ағынында эмоцияға толы нұсқа шындықтан гөрі жылдамырақ тарайды.

4. Жалған ақпараттың салдары: шағын ошақ қалай «аймақтық індетке» айналады

Бір ауылдағы шағын жағдай кейде «облыс көлеміндегі індет» деп сипатталады. Бірнеше қорадағы құс өлімі “жаппай эпидемия” ретінде таралады. Нәтижесінде ақпараттық шу жалған үрей туғызады.

Шынайы қауіп: нені білу маңызды

Қазақстан шынында да эндемиялық зооноздар (жануардан адамға берілетін аурулар) елі. Бұл — үрейленуге себеп емес, бірақ бейқамдыққа да жол беруге болмайды.

Сібір жарасы. 2023 жылы ел бойынша адамдар арасында 37 расталған жағдай тіркелген. 2025 жылдың жазында Ақмола облысында да сондай жағдайдың бірі анықталды.

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы (КГГҚ) — елдің оңтүстігінде жиі кездесетін мал ауруы. 2024 жылы 24 жағдай анықталса, 2022 жылы тек Қызылорда облысының өзінде шілде айының соңына қарай 15 жағдай мен 4 өлім тіркелген.

Құс аурулары. 2020 жылы болған ірі індет кезінде 1,9 миллионнан астам үй құсы қырылды. 2023–2024 жылдардың қысында Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы тіркелді.

Эпидемиологтар жануарларды ерекше бақылауда ұстайды

«БАҚ пен әлеуметтік желілерде жануарлар ауруларына қатысты тараған мәліметтер эпидемиологтар үшін өте маңызды. Бұл топтық аурулар мен өршулерді ерте анықтауға мүмкіндік береді», — дейді Манар Смағұл.

Өйткені жұқпалы аурулардың басым бөлігі — зооноздық.

«Мысалы, құс тұмауы адамдар арасында да тұмау тудырып, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау комитетімен бірлесе отырып, жануарлар арасындағы жағдай расталса, біз бірден адамдар арасындағы аурушаңдықты бақылай бастаймыз. Егер әдеттегіге қарағанда аурулар саны көбейсе, терең зерттеу жүргіземіз», — дейді сарапшы.

Қауесеттер кімге тиімді: дүрбелең экономикасы

Зооноздар туралы жалған ақпараттың таралуынан пайда көретіндер бар ма?

Иә. Жануар шаруашылығындағы кейбір адал емес бәсекелестер мұндай қауесеттерді бәсекелесін әлсірету құралы ретінде пайдалана алады. «Көрші ауданның өнімі жұқпалы» деген қауесет тараса, ол кәсіпорын уақытша нарықтан шеттейді, тексеріс кезінде өнім сатылмай қалады, беделі түседі.

Азық-түлік нарығындағы алыпсатарлар да осындай дүрбелеңнен ұтады. “Құс тұмауы” туралы жалған ақпараттан кейін сау құстарды жаппай жояды, өнім азайып, баға өседі, ал алдын ала қор жинап қойғандар мол табыс табады.

Блогерлер мен кейбір БАҚ өкілдері де осындай сенсациялық тақырыптар арқылы қаралым мен трафик жинайды. «Билік құс обасының ауқымын жасырып отыр!» деген тақырып «Пастереллез ошағы бақылауға алынды» деген жаңалыққа қарағанда бірнеше есе көп оқылады.

«Қауіп әрқашан бар. Ол ең алдымен сапасыз өнім мен лас суды тұтынудан туындайды. Сондықтан алдын алу шаралары туралы халықты дер кезінде хабардар ету өте маңызды. Әр аурудың өз ерекшелігі бар, демек әрекет те соған сай болуға тиіс», — дейді Манар Смағұл.

Қауесетке қарсы рецепт: алғашқы 48 сағат не шешеді?

Манар Смағұлдың пікірінше, қауесеттің алдын алудың ең тиімді жолы — алғашқы екі тәуліктегі ашықтық. Оны тек орталық органдар ғана емес, жергілікті деңгейдегі билік те орындауы керек.

Формула: «бір дауыс + үш сан + нақты уақыт»

Бір дауыс. Ақпаратты тек бір ресми өкіл береді және сол адам белгіленген уақытта ақпаратты жаңартып отырады. Бұл халық сенімін арттырады және “жалған ақпараттың” алдын алады.

Үш сан. Әр хабарламада міндетті түрде: жануарлар арасындағы тіркелген жағдай саны, адамдар арасындағы тіркелген жағдай саны, келесі талдау уақыты көрсетілуге тиіс.

Нақты уақыт. «Зертхана ПТР талдауын жүргізіп жатыр, нәтижесі ертең сағат 10:00-де белгілі болады» деген ақпарат «жақын арада хабарлаймыз» дегеннен әлдеқайда тиімді.

«Жалған ақпарат таратушы» атанып қалмаңыз…

Қазақстан азаматтарына маңызды ескерту:

Белгісіз дереккөзден келген хабарламаларды таратпаңыз;

Егер сізді кене шағып алса немесе ауру жануармен байланыста болсаңыз, бірден дәрігерге қаралыңыз;

Үй құстары бар тұрғындар биологиялық қауіпсіздік ережелерін ұстануға тиіс: жаңа құсты оқшаулау, таза су мен жем, кіреберісте дезинфекция, алғашқы белгілерде ветеринарға хабарлау.

Ресми ақпарат неге қызықсыз?

«Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының сайтында аурудың алдын алу мен профилактика шаралары туралы инфографикалар бар. Біз әлеуметтік желілерде ақпаратты жандандыруға тырысып келеміз», — дейді Манар Смағұл.

Алайда сарапшы мәселені жасырмайды.

«Өкінішке қарай, ресми парақшалар халыққа әрдайым қызық бола бермейді. Сондықтан азаматтық қоғамның белсенділігі өте маңызды. Ресми дереккөздерге сүйене отырып, сол ақпаратты түсінікті тілде тарату қажет», — дейді Манар Смағұл.

Яғни ресми ақпарат бар, бірақ оны қызықты етіп ұсыну керек. Құрғақ пресс-релиз әлеуметтік желідегі эмоционалды жазбамен бәсекеге түсе алмайды. Ал егер белсенді азаматтар мен блогерлер ресми деректерді қарапайым тілмен жеткізсе, нәтиже болады.

Бұл тақырып неге маңызды: пандемия сабақтары

«SARS-CoV-2 вирусының табиғаты жарқанаттардан тарады, ал MERS синдромының көзі — түйелер. Соңғысының өлім-жітім көрсеткіші 30%-ға дейін жеткен», — дейді Манар Смағұл.

Сондықтан да халықтың сенімін бос үрейлерге жұмсамау маңызды. Егер әрбір құс немесе мал өлімі “жаңа індет” деп қабылданса, ал кейін оның жай бактериялық инфекция екені анықталса — нағыз қауіп туған сәтте адамдар ресми ескертуге сенуден қалады.

Оқу үшін