NoFake

Ұлттық Банк алаяқтықпен күресті күшейтті: 2,6 миллиард теңге уақтылы бұғатталды

Фото: nofake.kz/

Елімізде қаржы алаяқтарының қитұрқы әрекеттерінен қорғану шаралары күшейіп келеді. Ұлттық банк жанынан құрылған Антифрод-орталықтың арқасында соңғы уақытта көптеген азаматтың қаржысы алаяқтардың қолына түспей, дер кезінде қорғалды. Платформа іске қосылғалы бері 92 мыңнан астам инцидент тіркеліп, нәтижесінде 2,6 миллиард теңгеден астам қаражат уақтылы бұғатталды, оның ішінде 339 миллион теңге зардап шеккен азаматтарға қайтарылған, деп хабарлайды NoFake.

Антифрод-орталық – банктер, төлем ұйымдары, микроқаржылық ұйымдар, ұялы байланыс операторлары және құқық қорғау органдары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін технологиялық платформа. Оның көмегімен күмәнді операциялар бойынша мәліметтер ортақ базаға енгізіліп, қаржы ұйымдары алаяқтық әрекеттерді дереу анықтап, шоттарды уақытша бұғаттай алады.

Платформа 2024 жылдың 22 шілдесінде іске қосылған.

Антифрод жүйесі қалай жұмыс істейді?

ҚР ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті басқарма басшысы Айдос Нұрбаев аталған жүйе бүгінде алаяқтардың жолын кесуге бірден бер пайдасын тигізіп отырған таптырмас құрал.

«Негізгі мақсаты – алаяқтыққа қарсы күресте банктер мен құқық қорғау органдарына көмек көрсету. Бұрын банктер күмәнді транзакциялар туралы өзара ақпарат бөлісе алмайтын, өйткені ол банктік құпия саналды. Енді бір банк екінші банкке алаяқтыққа күдікті тұлға туралы мәліметті, мысалы, оның ЖСН-ін, антифрод жүйесі арқылы бере алады. Осылайша алаяқтың басқа банктегі шоты уақытында бұғатталады», – деді ол.

Антифрод-орталық күмәнді операцияларды өзі анықтамайды. Мұндай әрекеттерді банктер мен құқық қорғау органдары тіркейді. Әрбір банк өз ішкі саясатына сәйкес күмәнді транзакцияны анықтап, бес күн ішінде тексеріс жүргізеді. Егер клиенттен растайтын жауап болмаса, ақпарат антифрод жүйесіне жіберіледі. Осы кезеңде қаражат уақытша бұғатталып тұрады.

«Қазіргі таңда платформаға 200-ден астам ұйым қосылған, оның ішінде барлық қазақстандық банктер, микроқаржылық ұйымдар және Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның өңірлік бөлімшелері бар. Егер азамат полицияға алаяқтық туралы шағымданса, бұл ақпарат автоматты түрде антифрод жүйесіне енгізіліп, барлық банкке таратылады», — деді Айдос Нұрбаев.

Антифрод базасында қанша алаяқ тіркелген?

Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, Антифрод базасында қазір 14 761 күдікті және 8 474 расталған алаяқ тіркелген. Әрбір күдікті туралы ақпарат банктер мен төлем ұйымдарына ЖСН арқылы қолжетімді.

Статистикаға сүйенсек, алаяқтардың басты «нысаны» – 45 пен 59 жас аралығындағы азаматтар (зардап шеккендердің 29%), ал 60 жастан асқан адамдардың үлесі 21,9%. Сондай-ақ, 35–44 жастағылар – 21%, 25–34 жастағылар – 17%.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше, бүгінгі таңда ең кең тараған алаяқтық түрі – телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер.

«Көп жағдайда алаяқтар өздерін құқық қорғау органы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды қорқыту не алдау арқылы ақша аударуға итермелейді. Екінші орында – инвестициялық алаяқтық (18%), ал үшінші орында есірткі саудасына қатысты жалған мәмілелермен байланысты әрекеттер (шамамен 16%) тұр», – деді ол.

Мамандар азаматтарды сақ болуға және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады. Егер күмән туындаса, банкке тікелей хабарласу немесе полицияға арыздану қажет.

Оқу үшін