Кибералаяқ құрбандары қалай алданғандарын айтып берді

Коллаж: nofake.kz/.
Банктерде ұйымдасқан топ жұмыс істейді деген мәлімдеме әзірге расталған жоқ. Тергеу деректеріне сүйенсек, жалған несиелерді банктердің өз қызметкерлері емес, азаматтардың сенімін пайдаланып әрекет еткен кибералаяқтар рәсімдеген, деп хабарлайды nofake.kz/.
Депутат не дейді
Мәжіліс отырысында ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов банктердің ішінде ұйымдасқан топ әрекет етіп, азаматтардың атына жалған несие рәсімдеп жатыр деген мәлімдеме жасаған.
«Бұл схема – ұйымдасқан қылмыстың қаржы жүйесінің ішіне дейін еніп кеткенінің айқын дәлелі. Алаяқтар жалған сенімхат рәсімдеген. Көбіне олар артқы күнмен немесе мүлде заңды негізсіз жасалған. Биометриялық сәйкестендіруді айналып өтіп, несие азаматтардың өздері білмеген күйінде рәсімделіп отырған. Ең алаңдатарлығы жәбірленушілерді нақты банк бөлімшелеріне, белгілі бір қызметкерлерге бағыттап отырған. Бұл кездейсоқтық емес, банк қызметкерлерінің жүйелі түрде схемаға қатысуын білдіреді. Біз жеке-жеке оқиғалармен емес, қоғамның қаржы секторына және мемлекетке деген сенімін шайқалтатын жаппай құбылыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қарапайым азамат өз банкінен қорғануға тиіс емес. Бұл – абсурд. Мемлекет алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді автоматты түрде жою механизмін заңмен бекітуі тиіс. Бізде нақты банктер мен бөлімшелердің атауы, қызметкерлердің аты-жөні бар», — деді депутат.
Натальяның хикаясы
ШҚО Глубокое ауданының тұрғыны, мәдениет үйінің қызметкері Наталья Таранова 2024 жылғы 23 желтоқсанда түскі үзіліс кезінде «Қазпоштаның» атынан қоңырау алған. Құжаттар келді деген желеумен 1414-тен келген кодты сұрағандарға сеніп қалған. Бір минуттан кейін «Халық банкі» атынан хабарласқан өзге тұлғалар әйелдің атына 5 миллион теңгеден астам несие рәсімделіп жатқанын айтып, оны «құтқару» үшін ақшаны қауіпсіз шотқа аударуға үгіттеген.
«Өзін «Ұлттық банктің өкілімін» деп таныстырған ер адам мені экран бөлісуге көндіріп, несиелерді «қауіпсіз шоттарға» аударуға бағыт берді. Мен айтқан нұсқауларын орындап, бірнеше банктен несие рәсімдеп, ақшаны түрлі облыстардағы шоттарға жібердім. Осы уақыт ішінде ешбір банк күмәнді операцияны байқамады. Ақшаның қалай жоғалып жатқанын тек өз телефонымның экранынан бақылап отырдым. Кейін бәрінің алаяқтық екенін түсіндім, бірақ тым кеш еді», — дейді Наталья.
Осылайша түсте хабарласқан алаяқтар Натальяны кешкі сағат 6–7-ге дейін телефоннан айырмай, ешкіммен сөйлестірмей ұстап, жалпы сомасы 4 357 664 теңгеге несие рәсімдеткен. Олар тіпті әйелге алған несиелерінің «жабылғаны» туралы жалған анықтамалар да жіберген.

Тергеу барысында ақшаның бірнеше облысты айналып, шетелге шығарылғаны анықталды. Қазір бұл бағытта АҚШ арқылы халықаралық сұрау дайындалып жатыр.
Мұғалімге «директоры» жазған
Тағы бір жәбірленуші — ШҚО Глубокое ауданындағы мектеп мұғалімі Мәрзия Аумажикова.
8 қараша күні ол WhatsApp арқылы бұрынғы мектеп директорының атынан хабарлама алған. Аватарда — директордың өз суреті. Хабарламада мұғалім департаментке шақырылған .
«Бұрынғы директорым Департаментке барғанын, онда менің атым несиесі бар адамдар тізімінде тұрғанын айтты. Сөйтіп ақшаны бұғаттау үшін қарсы несие рәсімдеу керек екенсің деді. Директордың хабарламасынан кейін, банктің несиелік бюросынанмын деп хабарласқан адам «Ұлттық банк» маманына бағыттады. Осылайша алаяқтар бес күн бойы менімен байланыста болып, тезірек несие алмасам қарызға бататынымды айтып қорқытты. Олардың айтқанынан үркіп, қалаға бардым. Қалада банк мекенжайларын өздері беріп, нұсқаулық беріп отырды. Олардың қысымымен 6 млн теңге сомасына несие рәсімдеп, олар айтқан есепшоттарға жібердім. 15 қарашада тағы хабарласып, несиені жабу үшін 40 мың теңге жетіспейді деді. Кейін қоңыраулар өшті. Сол кезде мені алдап кеткенін түсіндім», — дейді Мәрзия.
Тергеу не дейді
ШҚО Полиция департаментінің киберқылмыс бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Татьяна Богомолова nofake.kz/-ке берген түсініктемесінде:
«Таранова ісі бойынша Халық және Жусан банктеріне несиені тоқтату туралы ұсыныстар жолданды, ақшаның басым бөлігі Алматыда шешілген. Бірнеше «дроппер анықталды». Қазір банк қызметкерлері күдікті ретінде тіркелмеген», — деді.
Жәбірленушілердің екеуі де несие рәсімделіп жатқан сәтте банктер тарапынан ешқандай ескерту немесе қоңырау болмағанын айтады. Ал тергеу материалдары банктердің өз қызметкерлерінің тікелей қатысы бар деген тұжырымды растамады. Алаяқтар азаматтардың психологиясын, банк логотиптері мен ресми нөмірлерді пайдаланып, киберманипуляция жасаған.


