NoFake

Кәсіпкер Сергей Койнов ұсталды — ҚР ҚМА

Коллаж nofake.kz/

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның NoFake сайтына берген ақпараты бойынша Сергей Койнов ұсталды. Қазір тексеру жүріп жатыр.

Бұған дейін телеграм-арналар астаналық блогер-кәсіпкер (Instagram-да 680 мыңнан астам оқырманы бар) «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты», «қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды» деген күдікпен ұсталғанын жазды.

Сергей Койнов елдегі ең ірі «Актив Ломбард» желісінің иесі. Компанияның ресми сайтында ломбардтың 34 қалада 175 бөлімшесі және 700 мыңнан астам клиенттік базасы бары көрсетілген. Заңды тұлғалардың реестрінде (statsnet.co) Сергей Койнов 2022 жылдан бері «Актив Ломбардтың» бас директор деп жазылған. Аталған ломбард 2016-2025 жылдар аралығында 3,3 млрд теңгеге салық төлепті. Оның 263 млн теңгесін биыл төлеген. Қаржылық мониторинг агенттігі бұдан бөлек тағы ондаған ломбардты тексеріп, құжаттарын тәркілеген.

 Атап айтқанда, «Актив Ломбард» желісінің иесі Койнов С.С. сенімді адамдарына «Актив Маркет» брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген. Олар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде лицензиясыз  ломбардтық қызмет – мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан. Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір персоналды пайдаланған.

Cыйақы мөлшері шектен 4 есе артық

Заңнамаға сәйкес, қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшері тәулігіне 0,3%-дан аспауға тиіс.  Алайда Койнов компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық. Осылайша, жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілдік қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген. Түскен кірістерді одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С. байланысы бар компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы – 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд түрінде аударылған.

Сонымен қатар, ҚМА азаматтардан заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша тағы 14 істі тергеп жатыр.  15 күдікті бар. Осыған байланысты, микрокредиттік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді қарыз алушылардың құқығы мен заңды мүдделерін қатаң сақтауға шақырамыз.  азаматтардан заңсыз жоғары сыйақы алған жағдайда кінәлілер заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Оқу үшін