NoFake

Алматы облысында электр жарығы неге өшті: «Алатау жарық» себебін түсіндірді

Иллюстративное фото: Depositphotos

Алматы облысында электр жарығының сөнуіне байланысты «Алатау жарық» компаниясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Компания 2026 жылғы 14 тамызда сағат 14:38-де Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар елді мекендерінде электр энергиясы ажыратылғанын атап өтті.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, бұған «KEGOC» АҚ-ға тиесілі 500 кВ-тық Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр беру желілерінің апаттық ажыратылуы себеп болған.

«Осыдан кейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматика жүйесі (САОН, АЧР) іске қосылған. Нәтижесінде тұтынушылардың бір бөлігі электр энергиясынан ажыратылды. Ажыратылған жүктеменің жалпы көлемі 300 МВт болған», — делінген хабарламада.

Электр энергиясы Алматы облысының Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарындағы тұтынушыларға уақытша берілмеді.

Сондай-ақ, Алматы қаласында Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының бір бөлігі электр энергиясынан ажыратылған.

Қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, оқиғаға қатысты «KEGOK» компаниясына да ресми түсініктеме берді. Алдын ала жедел деректер бойынша, технологиялық бұзушылыққа Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі тарапынан қуат ағынының күрт артуы себеп болған.

«Жүйелік оператор қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастады. Сағат 14:47-де Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы 295 МВт көлеміндегі шектеулер алынып тасталды», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Оқу үшін