Жеке дерек қауіпсіздігі: заңгер ұсынған қарапайым кеңес

2024 жылы қазақстандықтар онлайн-алаяқтарға 11,4 миллиард теңгесін санап берген.
Мамандардың айтуынша, азаматтар көбіне жеке деректерін алаяқтарға өздері береді.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, заңгер Нұрсұлтан Орынбек nofake.kz/ тілшісіне кибералаяқтардың әрекетін танудың қарапайым әдісін айтты.
1. Сөйлеу мәнеріне назар аударыңыз
Алаяқтардың көбі шетелден хабарласады. Назар аударыңыз, олардың орыс тіліндегі акценті өзгеше, ал қазақ тілінде жауап берсеңіз, кібіртіктеп қалады. Мемлекеттік органдарды «милиция», «райотдел» деп ескі атаумен атайды. Қала, аудан аттарын да жиі шатастырады.
2. Киіміне және видеоға мән беріңіз
Видеоқоңырау шалса, мұқият қараңыз, олардың үстіндегі форма Қазақстандағы құқық қорғау органдарының киіміне ұқсамайды. Кейде жасанды интеллект арқылы жасалған маска қолданады.
3. Эмоцияға берілмеңіз
Алаяқтар алдымен адамды қорқытады, асықтырады. Сондықтан телефонды қойып, ойланыңыз, жақындарыңызбен ақылдасыңыз. Көпшілік эмоцияға беріліп, ешкімге айтпайды да, бар ақшасынан айырылады. Оңай олжаға сеніп, жалған сілтемені ашады, жалған сұрақтарға жауап береді.
4. Жеке деректерді ешкімге айтпаңыз
Алаяқтар танысыңыздың WhatsApp-ына кіріп, ақша сұрауы мүмкін. «Сыйлық ұтып ал» немесе «дауыс бер» деген сілтемелерге сенбеңіз. «Жеке банк деректері тіс жуатын щетка сияқты – ешкімге берілмейді. Бұл – цифрлық гигиена», – дейді заңгер.
5. Цифрлық сауатты арттырыңыз
Алаяқтар жасанды интеллект арқылы танымал тұлғалардың бейнесімен жалған акция, инвестицияны жарнамалайды. Мұндайға егде жастағы адамдар жиі алданып қалады. Сондықтан жаңалықтарды оқып, цифрлық сауатты арттыру қажет.
Егер ақшаңызды аударып қойсаңыз…
- Дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз;
- Интернет төлемдерді құлыптаңыз;
- Полицияға қоңырау шалыңыз.
Дропперлер ақшаны қайтара ма?
Жаңа заң бойынша дропперлер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олар түрмеге түспеу үшін ақшаны қайтарады. Бұрынғы істер бойынша да азаматтық тәртіпте қаражатты қайтарып алуға болады.
«Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады. Жеңіл ақшаға қызығушылық азаймайынша, алаяқтық та азаймайды», – дейді Нұрсұлтан Орынбек.


