NoFake

Күркетауықтың етін жеген адамды ұйқы басатыны рас па — Триптофан туралы аңыз

Күркетауықтың етін жеген адамды ұйқы басатыны рас па — Триптофан туралы аңыз

Фото: magnific.com

Мерекелік дастарханнан кейін кейде адамды ұйқы басады. АҚШ-та мұны көбі күркетауық етінің құрамында болатын триптофаннан көреді екен. Шынымен де солай ма? PolitiFact фактчекинг сайты зерттеу жүргізді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бүгін, 26 қарашада, америкалықтар Алғыс айту күнін (Thanksgiving) атап өтеді. Мерекелік дастарханның басты тағамы – пешке пісірілген күркетауық. Ас ішіп, ыдыс-аяқ жиналған соң көпшілікті ұйқы басады. Бұған күркетауық, дәлірек айтсақ, еттегі триптофан кінәлі екен.

Американың PolitiFact фактчекинг сайты осы мерекелік аңызды тексеріп көрді. Сайттың тұжырымы: күркетауық пен ұйқының арасындағы көнеден келе жатқан бұл байланыс «шындықтан гөрі аңызға жақын».

«Күркетауықта алмастырылмайтын амин қышқылы – триптофан шынымен де көп. «Алмастырылмайтын» дегені – ағза оны өзі түзе алмайды, тек тағам арқылы алады. Ағза триптофанның бір бөлігін мелатонин мен серотонин өндіруге жұмсайды. Бұл екі зат көбейсе, адам босаңсып, ұйқысы келуі мүмкін. Сондықтан кейбіреулер триптофанды ұйқыны жақсарту немесе депрессияға қарсы биологиялық белсенді қоспа ретінде ішеді»,– деп жазды PolitiFact .

Айта кетейік, АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының MedlinePlus анықтамасына сәйкес, триптофан қоспаларының ұйқысыздық пен депрессияға көмектесетініне сенімді ғылыми дәлел жоқ. Дегенмен бұл жерде басты мәселе – мөлшерде.

Бір порция күркетауықтағы триптофан ересек адамның күнделікті астан алатын орташа мөлшерінен де аз. PolitiFact тұжырымы бойынша, «күркетауықтағы триптофан мөлшері оның әсерін сезінуге жетпейді». Емдік дозаға жету үшін 32 порция күркетауық етін, яғни шамамен 2,7 келі ет жеу керек. Яғни, күркетауық жеуден жарысқа қатыспасаңыз, мерекелік дастарханнан мұндай мөлшерді алу мүмкін емес.

Бір порция күркетауықтағы триптофан басқа да көп тағамда бар: бір қалбыр тунецте, екі стақан (шамамен 470 мл) сүтте, жарты стақан тофуда немесе 85 грамм қуырылған шошқа етінде. Бірақ оларды ешкім «ұйқы шақырады» деп кінәламайды.

Онда неге ұйқы басады?

Мерекелік астан кейін шаршайтынымыз рас. Оған әртүрлі жағдай әсер етуі мүмкін.   PolitiFact олардың бірнешеуін атайды: алкоголь, ас үйдегі ұзақ дайындық, қонақ күтудің уайымы, таңертеңгі дәстүрлі мерекелік жүгіру жарысы (Turkey Trot), туыстарды көргендегі эмоциялық әсер.

Бірақ ең басты себептердің бірі – мерекелік мәзірдегі көмірсу мен қант. Кливленд клиникасының дәрігерлері де мұндай астан кейін адам шаршайтынын жазады. Harvard Health сайты да осыны айтады: астан кейін ұйқы қысса, бұл  күркетауықтан емес, көбіне ауыр асты қорыту қиындағаннан немесе алкогольден. Бұл біздің дастарханға да қатысты: ет пен қамыр, бауырсақ, тәттілер мен шайдан кейін ұйқы күркетауықсыз-ақ келетіні белгілі.

Оқу үшін