CTS Астанада LRT құрылысы үшін стадион сүріледі деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: NoFake.kz
LRT құрылысына жер телімдерін алу нысандардың негізгі аумағын қамтымайды және олардың жұмысына кедергі келтірмейді. Жеті нысанның ешқайсысы сүрілмейді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желілерде Астанадағы LRT желісінің екінші кезегін салу үшін жеті жер телімін алып қою мәселесі талқыланып жатыр. Тізімге Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның аумағы да кіргені туралы хабар желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Олар пікірлерінде стадионды енді сүретін болса, оның құрылысына миллиардтаған теңге жұмсаудың не қажеті бар еді деген сауал қойды.

«City Transportation Systems» ЖШС стадионның сүрілуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып, жер телімдерін алу нысандардың жұмысына қалай әсер ететінін түсіндірді.
«Әкімдік қаулысында көрсетілген жеті жер телімін алып қою – техникалық рәсім. Алынатын телімдердің шекарасы нысандардың негізгі аумағын қамтымайды. Сондықтан бұл нысандарды алдағы уақытта да өз мақсатына сай пайдалануға кедергі болмайды. Жеті нысанның ешқайсысы сүрілмейді», – деп түсіндірді компания өкілдері.
CTS мәліметінше, LRT желісінің «Астана-1» теміржол вокзалына қарай тартылатын бөлігін құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындау басталып жатыр.


