Кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалаған адам сотталды

Иллюстративное фото: magnific
Кассациялық сот кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалаған А.-ға қатысты үкімді күшінде қалдырды. Ол тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Кассациялық соттың баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын былай баяндады.
«А. басқа адамдармен бірлесіп, интернет-ресурста кәсіпкер М.-ның және елорданың коммуналдық кәсіпорын басшыларының қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс фигурантымен қылмыстық байланысы бар екені туралы жалған мәлімет орналастырған. Шындыққа сәйкес келмейтін материал салдарынан тұрғын емес үй-жайды жалдау шарты бұзылған, жәбірленуші М.-ға ірі мөлшерде залал келтірілген. Кейін А. кәсіпкердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жинауды және одан әрі таратуды тоқтатуға уәде етіп, оған 50 миллион теңге беруді талап еткен. А. көрсетілген ақшаны алған кезде ұсталған»,- делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі
Бірінші сатыдағы сот А.-ны көрінеу жалған ақпарат таратқаны және қорқытып ақша талап еткені үшін кінәлі деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Адвокат А.-ның кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, кассациялық соттан екі шешімнің де күшін жоюды сұраған.
Кассациялық соттың қорытындысы бойынша, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, тергеу барысында жиналған деректер, сараптама қорытындылары және ақшаның берілуіне қатысты материалдар А.-ның кінәсін растайды.
Сот істің нәтижесіне әсер ететін елеулі заң бұзушылық таппады. Судьялар тағайындалған жазаны қылмыстың ауырлығына сай деп танып, үкімді өзгеріссіз қалдырды.


