NoFake

«Әскерден босатамыз»: Қорғаныс министрлігі күмәнді жарнамаларға сенбеуге шақырды

«Әскерден босатамыз»: Қорғаныс министрлігі күмәнді жарнамаларға сенбеуге шақырды

Фото: Gov.kz

TikTok-та әскерге шақырылған азаматтарды босатуға көмектесетінін айтқан видеолар таралып жатыр. Қорғаныс министрлігі мұндай күмәнді жарнамаларға сенбеуге шақырып, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайтынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Скрин видеодан

Тик-токтағы парақшалардың бірінде жарияланған жазбалардың бірінде әскерге шақырылған азаматтың анасы көмек сұрап хабарласқаны айтылған. Авторлардың мәлімдеуінше, олар Іле ауданындағы жиын пунктіне барып, сегіз сағаттан кейін азаматтың босатылуына қол жеткізген. Оның денсаулығына байланысты әскерге бармауға заңды негізі болғанын да алға тартқан. Жазба соңында тегін кеңес алуға шақырып, байланыс нөмірі көрсетілген.

Министрлік не дейді

Қорғаныс министрлігі бұған дейін де «әскерден қалдыру» және «ақ билет» алып беру қызметін ұсынатын жарнамаларға қатысты ескерту жасаған. Ведомство заңгерлік кеңес беру заңды қызмет болғанымен, әскерден босатудың заңсыз жолдарын ұсыну жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

«Әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет», — делінген министрлік хабарламасында.

Медициналық құжаттарды қолдан жасау немесе жалған диагноз рәсімдеу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл делдалдарға да, шақырылушыларға да қатысты. Ведомство әскери комиссариаттар мен медициналық комиссиялар арқылы «мәселені шешуге» кепілдік беретін адамдарға сенбеуге үндеді.

«Қорғаныс министрлігі азаматтарды өз құқықтарын жүзеге асыру үшін тек заңды тетіктерді пайдалануға шақырады».

Әскери қызметке жарамдылық санатын медициналық тексеру жүргізетін мамандар анықтайды. Ал шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді шақыру комиссиясы заңда көзделген негіздер бойынша қабылдайды. Демек, делдалдың уәдесі мұндай шешімнің орнына жүрмейді.

Оқу үшін