Көліктерді жалған тұлғалардың атына рәсімдеп, шетелге сатқандар ұсталды

Фото: Polisia.kz
Қазақстанда автокөліктерді жалған тұлғалардың атына кепілге рәсімдеп, кейін шетелге сатқан деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, осы тәсілмен елден 56 көлік шығарылған, деп хабарлайды NoFake.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы әрекет еткен.
«Күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына автокөліктерді кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан», – делінген хабарламада.
Схеманың жолын кесу үшін полиция еліміздің 10 өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде 48 адам полицияға жеткізілді.
«Олардың ішінде қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ІІМ.
Қазір істің барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.


