NoFake

«Миллионмен декретке шығарамыз»: әлеуметтік желідегі делдалдар әйелдерге қандай схема ұсынады

«Миллионмен декретке шығарамыз»: әлеуметтік желідегі делдалдар әйелдерге қандай схема ұсынады

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желілерде декреттік төлемді көбейтіп беруге уәде ететін делдалдардың жарнамасы жиі кездеседі. Олар болашақ аналарға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын белгілі бір мөлшерде әлеуметтік аударым жасауды ұсынады. NoFake.kz редакциясы осындай делдалдардың бірімен байланысып, ұсыныстың мән-жайын анықтады. Ал заңгер Файзулла Смағұл мұндай әрекеттердің қандай жағдайда заң бұзушылық саналатынын түсіндірді.

Скрин әлеуметтік желідегі парақшалардан

«Бәрін өзім жасаймын, сіз тек төлем жасайсыз»

Өзін Балжан деп таныстырған делдал жұмыс істемейтін жүкті әйелдің атынан хабарласқан редакция тілшісінен алдымен жүктілік мерзімі мен қай қалада тұратынын сұрады. Содан кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын 148 960 теңгеден төлем жасауды ұсынды.

Скрин делдалмен сөйлесуден

«10–11 аптадан бастап ЖК ашып, айына 148 960 теңгеден салсаңыз, бес айда 744 800 теңге жұмсап, 937 125 теңге дородовой аласыз. Бала 1,5 жасқа толғанша 44 625 теңге пособие аласыз», – деп есептеп берді ол.

Делдалдың есебінше, босануға дейінгі төлемнің өзі жұмсалған қаражаттан шамамен 200 мың теңгеге артық болады. Ол қараша айында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда сол айға тиесілі төлемді 25 желтоқсанға дейін аудару керектігін айтты. Сондай-ақ бұрын ресми жұмыс істеген әйелдердің табысы да ескерілетінін түсіндірді. Оның сөзінше, босануға дейінгі төлемді есептегенде соңғы 12 айдағы, ал бала күтіміне байланысты төлемді есептегенде соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар назарға алынады. Делдал өз қызметінің құнын да атады. Толық сүйемелдеу үшін бірден төлеген жағдайда 60 мың теңге, ал бөліп төлесе 80 мың теңге сұрайды.

«Менің қызметім үшін декретке шығуда толық сүйемелдеу алатын болсаңыз, бірден төлегенде 60 мың теңге, екіге бөліп төлесеңіз, 80 мың теңге болады. Қазір 40 мың теңге төлейсіз, қалғанын босануға дейінгі төлем түскен кезде бересіз», – деді ол.

Әңгіме барысында делдал жеке кәсіпкерлерге қатысты тексерістердің күшейгенін де жасырмады.

«Қазір ЖК-ның жұмысы көп, тексерісті қатты жүргізеді. Барлық жұмысты өзім жасаймын, сіздікі – тек төлем жасау», – деді декретке шығуға көмектесетін қыз.

Әлеуметтік желідегі тағы бір делдалмен тілшіміз жұмыс істейтін, айына 200 мың теңге жаақы алатын әйел кейпінде сөйлесті. Мұндай жағдайда «көмектесуші» жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тиімсіз болатынын айтты.

«Жұмыс істейтін болсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп қажет емес. Қазір тексеріс қатаң. Төлегеннің өзінде кейін бәрін қайтартады», – деп «көмектесуден» бас тартты ол.

Заңгер: делдалға жүгінген әр әйелді автоматты түрде қылмыскер деп атауға болмайды

Заңгер Файзулла Смағұлдың айтуынша, мұндай ұсыныстар көбіне жоғары төлемге кепілдік беретін жарнамадан басталады. Кейін әйелдерге шын мәнінде болмаған табысты көрсету, жалған жұмысқа орналасу немесе нақты қызметі жоқ кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік аударым жасау ұсынылуы мүмкін.

«Әдетте мұндай ұсыныстар “миллионмен декретке шығарамыз”, “бәрі заңды”, “нәтижеге кепілдік береміз” деген жарнамадан басталады. Кейін азаматқа шын мәнінде болмаған табысты көрсету, жалған жұмысқа орналасу немесе нақты қызметі жоқ кәсіпкерлік арқылы аударым жасау ұсынылуы мүмкін», – дейді адвокат.

Оның түсіндіруінше, заңды кеңес беру, құжат рәсімдеуге көмектесу немесе сол қызмет үшін ақы алу өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Басты мәселе – әлеуметтік төлемді рәсімдеу кезінде қандай мәлімет ұсынылғанында. Егер төлем мөлшерін көбейту үшін жалған табыс көрсетілсе немесе шын мәнінде жүргізілмеген кәсіпкерлік қызмет туралы мәлімет берілсе, мұндай әрекетке құқықтық баға берілуі мүмкін. Заңгер схемаға қатысқан әйелдің өзіне де жауапкершілік жүктелуі ықтимал екенін ескертеді. Алайда ол үшін әйелдің жалған мәлімет беріліп жатқанын білгені және оған саналы түрде қатысқаны анықталуы керек.

«Мән-жайына қарай алаяқтық немесе оған қатысу мәселесі туындауы мүмкін. Заңсыз не артық алынған төлемді қайтару талабы да қойылуы мүмкін», – деп түсіндірді Файзулла Смағұл.

Сонымен қатар заңгер делдалға жүгінген барлық әйелді бірдей заң бұзушы деп қарастыруға болмайтынын атап өтті.

«Делдалға жүгінген әр әйелді автоматты түрде қылмыскер деп атауға болмайды. Оның нені білгенін, қандай құжатқа қол қойғанын, деректерді кім енгізгенін және алдау ниетінің болған-болмағанын анықтау қажет. Делдалға өзі алданып қалған адам мен заңсыз схемаға әдейі қатысқан адамның жағдайы әртүрлі», – дейді заңгер.

Ал алданған жағдайда не істеу керек?

Файзулла Смағұл мұндай делдалдардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарға ең алдымен ақша аударуды тоқтатып, барлық дәлелді сақтауға кеңес береді. Олардың қатарында жарнамалар, хат алмасулар, аудиохабарламалар, шарттар мен төлем түбіртектері бар.

«Біріншіден, делдалға қосымша ақша аударуды тоқтатып, жарнама, хат алмасу, аудиохабарлама, шарт және төлем түбіртектерін сақтау керек. Екіншіден, ақша алдау арқылы алынған болса, полицияға арыз беру қажет», – деп кеңес берді заңгер.

Сондай-ақ ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүгініп, өз атынан қандай өтініш берілгенін және төлем бойынша қандай шешім қабылданғанын анықтауды ұсынады. Әлеуметтік аударымдар мен табыс деректеріндегі сәйкессіздіктер бойынша мемлекеттік кірістер органына хабарласуға болады.Егер әйел делдалға электрондық цифрлық қолтаңбасын, банкке кіру деректерін немесе SMS-кодтарын берген болса, қолжетімділікті дереу қорғап, тиісті ұйымдарға хабарласуы керек. Сондай-ақ, адвокат әлеуметтік төлемнің көлемін делдалдың уәдесіне қарап бағаламауға шақырады. Шынайы табысты растайтын құжатсыз жоғары төлем уәде ететін ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн.

Айта кетейік, бұған дейін біз «2027 жылы декретке шыққан аналар 2,9 млн теңге алатыны рас па?» деген сұраққа жауап бердік.

Оқу үшін