2027 жылы декретке шыққан аналар 2,9 млн теңге алатыны рас па

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желіде 2027 жылдан бастап декретке шыққан әйелдер 2,9 миллион теңгеден астам төлем алуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл сома қайдан шыққан? Оны барлық ана ала ма? NoFake.kz декреттік төлемнің есептелу тәртібін және оған ең төменгі жалақы өсуінің әсерін түсіндіреді.
Threads желісіндегі жазбалардың бірінде 2027 жылдан бастап декреттік төлем 2 910 600 теңгеге жететіні айтылған. Автор бұл соманы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) өсуі мен байланыстырады.

«Қыздар, естіп тұрсыңдар ма? 2027 жылдан бастап декреттік төлем де, бала күтіміне берілетін жәрдемақы да көбейеді дейді! Енді декретке шыққанда қолға тиетін ақша 2 910 600 теңгеге жетеді екен. Жақында ғана Қазақстан Президенті ең төменгі жалақыны 110 000 теңгеге дейін көтеруді айтқан еді. Әйтеуір, қуантатын бір жаңалық болды», – деп жазған қолданушы.
Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отырғаны айтты. Бұл өзгеріс әлеуметтік төлемдерді есептегенде ескерілетін табыстың жоғарғы шегіне де әсер етуі мүмкін.
Қолданыстағы заң бойынша әлеуметтік аударымдар есептелетін айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Бұл талап Әлеуметтік кодекстің 245-бабында көрсетілген.
Осылайша, ресми түрде жұмыс істейтін аналар үшін 2026 жылы есепке алынатын ең жоғары айлық табыс – 595 мың теңге болады. Яғни 85 000 теңгені жеті айға көбейтеміз. Ал 2027 жылы ЕТЖ 110 мың теңге болса, шек 770 мың теңгеге дейін көтеріледі (110 000 × 7).
Декреттік төлем қалай есептеледі?
Әлеуметтік кодекстің 78-бабына сәйкес, жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем әйелдің декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жасалған табысының орташа мөлшеріне қарай есептеледі. Орташа табыс еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндерге сәйкес коэффициентке көбейтіледі.
Әдеттегі жағдайда декреттік демалыс 126 күнге созылады. Сондықтан есептеуде 4,2 коэффициенті қолданылады. Яғни 126 күн 30-ға бөлінеді. Есептелген сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Бұл талап Кодекстің 76-бабында бекітілген.

NoFake.kz редакциясы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесе отырып ЕТЖ 110 000 тг дейін көтерілген
жағдайда 2027 жылы декретке шығатын аналар әр түрлі жалақымен қанша төлем алатынын есептеді. Осылайша егер әйелдің әлеуметтік аударымдар есептелетін орташа айлық табысы 770 мың теңгеге жетсе, яғни бұл сома салықтар мен басқа да ұсталымдарға дейінгі табыс болса, болжалды декреттік төлем мынадай болады:
- Есепке алынатын орташа айлық табыс – 770 000 теңге;
- декреттік демалыс коэффициенті – 4,2;
- жалпы есептелген сома – 3 234 000 теңге (770 000 × 4,2);
- 10 пайыз зейнетақы жарнасы – 323 400 теңге;
- әйелдің қолына тиетін сома – 2 910 600 теңге.
Демек, әлеуметтік желідегі жазбада келтірілген есеп арифметикалық тұрғыдан дұрыс. Бірақ бұл соманы барлық әйел алады деген сөз емес. Ол есепке алынатын орташа айлық табысы 770 мың теңгеге жеткен жағдайда ғана мүмкін болатын көрсеткіш.
Мысалы, соңғы 12 айдағы орташа табысы 300 мың теңге болған әйел үшін есеп мынадай: 300 000 × 4,2 = 1 260 000 теңге. Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы ұсталғанда, оның қолына 1 134 000 теңге түседі.

2027 жылы декретке шыққан әйелдің табысы қалай есептеледі?
Бұл жерде ескеретін маңызды жайт бар: төлемді есептегенде декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 ай алынады. Сондықтан 2027 жылы демалысқа шыққан әйелдің есептік кезеңіне 2026 жылғы айлар да кіруі мүмкін. Ал ол уақытта табыстың жоғарғы шегі 595 мың теңге болған.
Мысалы, ай сайын 700 мың теңге жалақы алатын және әлеуметтік аударымдары толық жүргізілген әйелді алайық.
2027 жылғы қаңтарда декретке шықса, есепке 2026 жылғы қаңтардан желтоқсанға дейінгі табысы кіреді. Бұл айларда есептік шек 595 мың теңге болғандықтан, орташа табыс осы сомамен шектеледі. Нәтижесінде қолына шамамен 2 249 100 теңге алады.
2027 жылғы ақпанда декретке шықса, есептік кезең 2026 жылғы ақпаннан 2027 жылғы қаңтарға дейінгі аралықты қамтиды. 2026 жылғы 11 ай үшін 595 мың теңгеден, ал 2027 жылғы қаңтарда нақты алған 700 мың теңгесі есепке алынады. Орташа табысы 603 750 теңге болады. Зейнетақы жарнасын шегергенде, төлемі шамамен 2 282 175 теңгеге жетеді.
2027 жылғы наурызда декретке шықса, есепке 2026 жылғы наурыздан 2027 жылғы ақпанға дейінгі табысы алынады. 2026 жылғы 10 айдың әрқайсысы 595 мың теңгеден, ал 2027 жылғы қаңтар мен ақпан айлары 700 мың теңгеден есептеледі. Орташа табысы 612 500 теңге болады. Қолына шамамен 2 315 250 теңге түседі.
Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай, 700 мың теңге жалақы алатын әйелдің төлемі 2027 жылғы қаңтарда бірден 2,9 миллион теңгеге жетпейді. Себебі есепке алынатын кезеңде 2026 жылғы айлар да бар. Жаңа шекке сәйкес есептелетін айлар көбейген сайын орташа табыс та біртіндеп артады.
Бала күтіміне берілетін төлем де өзгере ме?
Ал жұмыс істейтін аналар үшін бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің есебі өзгеше. Әлеуметтік кодекстің 85-бабына сәйкес, ол бала туғанға дейінгі соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа табыстың 40 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі. Егер 2027 жылы есепке алынатын ең жоғары айлық табыс 770 мың теңге болса, төлемнің болжамды шегі мынадай болмақ:
770 000 теңгенің 40 пайызы – 308 000 теңге, одан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы – 30 800 теңге шегеріледі, сонда қолға тиетін ай сайынғы сома – 277 200 теңге. Бұл – жаңа шек бойынша есептелген болуы мүмкін ең жоғары айлық төлем. Нақты сома әйелдің соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударым жасалған табысына байланысты болады.
Жұмыс істемейтін аналардың жәрдемақысы да көбейе ме?
Жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға төленетін қаражаттың көзі мен есептеу тәртібі әртүрлі. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Олардың мөлшері әлеуметтік аударым жасалған табысқа байланысты есептеледі. Ал ресми түрде жұмыс істемейтін аналарға бала күтімі үшін республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері ең төменгі жалақыға емес, айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты.
Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы да АЕК мөлшеріне тәуелді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі NoFake.kz редакциясына берген жауабында түсіндірді. Министрлік мәліметінше, Әлеуметтік кодекстің 80-бабына сәйкес, бала тууына байланысты жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен төленеді. Оның мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК болып белгіленген.
«Бала тууына байланысты жәрдемақы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне сәйкес төленеді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Демек, бұл төлемнің мөлшері ең төменгі жалақыға емес, АЕК-ке байланысты. Сондықтан ЕТЖ-ның өсуі бала тууына берілетін біржолғы жәрдемақыны автоматты түрде көбейтпейді. Оның мөлшері АЕК өзгерген жағдайда ғана өзгереді.
2,9 миллион теңгені 2027 жылы декретке шыққан әр әйел ала ма?
Жоқ. 2 910 600 теңге – 770 мың теңге орташа айлық табысқа сүйеніп есептелген ең жоғары төлем. Оған қоса, 2027 жылы декретке шығатын әйелдердің барлығы бірдей жаңа шек бойынша есептелмейді: олардың соңғы 12 айының ішінде 2026 жылға тиесілі кезеңдер болуы мүмкін.
Мысалы, 2027 жылғы қаңтарда декретке шыққан әйелдің есептік кезеңі түгелдей 2026 жылды қамтиды. Ал ақпаннан бастап 2027 жылдың айлары есепке біртіндеп қосылады. Демек, төлем мөлшері есептік кезеңдегі табыс пен сол айларда қолданылған шекке байланысты анықталады.
Әлеуметтік кодекстің 77-бабына сәйкес, жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген декреттік демалыс басталған күннен туындайды. Сондықтан 2026 жылы декретке шығып, ақшасын 2027 жылы алған әйелдің төлемі қаражат түскен күнге қарап қайта есептелмейді.
Түйін
2,9 миллион теңге – барлық болашақ анаға берілетін кепілді төлем емес. Бұл – 2027 жылға жоспарланған жаңа ЕТЖ мен табыстың жоғарғы шегіне негізделген есеп. Әр әйелдің нақты алатын сомасы оның декретке шыққан күніне және есептік кезеңдегі әлеуметтік аударым жасалған табысына байланысты болады.


