NoFake

Макрон тәртіпсіздіктерден кейін ақпараттық манипуляция мен жалған ақпаратқа жол берілгенін мәлімдеді

Фото: Depositphotos

Францияда өмір сүру құнының өсуіне байланысты наразылықтар аясында ЖИ көмегімен жасалған, шын мәнінде болмаған оқиғаларды бейнелейтін суреттер мен мигранттар туралы жалған мәлімдемелер тарады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде және елдің басқа қалаларында жаппай тәртіпсіздіктер мен тонау оқиғалары болғаннан кейін ақпараттық манипуляциялар жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір шетелдік көшбасшылар Франциядағы жағдайды өздерінің саяси мақсаттарына пайдалануда.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Эмманюэль Макрон тәртіпсіздіктерден кейін интернетте шындыққа жанаспайтын оқиғаларды бейнелейтін, ЖИ көмегімен жасалған суреттер таралғанын да атап өтті.

«Кейбіреулер елімізді мигранттар мен исламистердің қаптаған тобы басып алды деп мәлімдеді. Бұл шындыққа мүлде сәйкес келмейді», — деді Франция президенті.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Париж жалған ақпарат пен әлеуметтік желілердегі негізсіз мәлімдемелердің таралуына жол бермеу үшін мүдделі елдерге қажетті түсініктемелер беруге дайын екенін айтты.

Айта кетейік, Франциядағы жаппай наразылықтар бағалардың өсуіне байланысты басталды. Демонстрациялар кезінде көшедегі тәртіпсіздіктер мен тонау оқиғалары тіркелді. Бұл халықаралық БАҚ назарын аударып, Франция билігінің алаңдаушылығын туғызды. Сондай-ақ елдегі жағдай Франциядан тыс жерлерде де саяси мәлімдемелер жасауға себеп болды.

Оқу үшін