NoFake

Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі бар ма — ДСМ жауап берді

Фото: Depositphotos

Әлемнің бірқатар елінде маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның елге әкеліну және халық арасында таралу қаупіне қатысты ресми түсіндірме жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әлемнің бірқатар елінде маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатыр. Халықаралық көлік қатынасының белсенділігін ескере отырып, ведомство елдегі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуде.

«Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы №8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде», – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, шекарадағы барлық өткізу пункттері дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны дер кезінде анықтауға дайындығы қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда тиісті органдарды хабардар ету және бірлесіп әрекет ету алгоритмдері бекітілген.

«Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.

Маймыл шешегі қалай жұғады?

Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын инфекциялық ауру. Ол көбіне вирус жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелер мен биологиялық сұйықтықтар арқылы беріледі. Сондай-ақ инфекция ластанған киім, төсек-орын жабдықтары және басқа да заттар арқылы жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпелердің пайда болуы жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтауға, терісінде белгісіз бөртпелері бар адамдармен тығыз байланыстан аулақ болуға және өзгенің жеке заттарын пайдаланбауға кеңес береді.

Оқу үшін