NoFake

Жұмыс істейтін аналар жәрдемақыдан қағылатыны рас па

Фото: Depositphotos

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде азаматтардың көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібі өзгереді. Осыған байланысты, желіде «жұмыс істейтін әйелдер жәрдемақыдан қағылады», «Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін жәрдемақы алынады» деген түрлі ақпарат тарап жатыр. Nofake.kz солардың бірқатарын зерттеп, қайсысы шын, қайсысы жалған екенін анықтап көрді.

Бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы мүлдем алынып тасталады — фейк

Threads желісінде бала күтімі бойынша 1.5 жасқа дейін берілетін жәрдемақы мүлдем алынып тасталады деген ақпарат тарады.

Скриншот: әлеуметтік желі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған ақпаратты жоққа шығарды.

«Жұмыс істейтін ана, бала күтімі бойынша демалысқа шыққаннан кейін, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерін, бала 1,5 жасқа толғанға дейін, қалай алды, солай ала береді. Тек республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы ғана А және В санатындағы отбасыларға тағайындалмайды. C, D, E санатындағы отбасыларға жәрдемақы қалай тағайындалып келді, солай республикалық бюджеттен те, Қордан да тағайындала береді», — деді ол.

Яғни, көріп отырғанымыздай бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейін берілетін жәрдемақы мүлдем алынып тасталады деген ақпарат — жалған.

Күйеуінің табысы көп болса, көп жыл жұмыс істеген әйел жәрдемақысыз қалатыны рас па?

Тағы бір қолданушы «күйеуінің жалақысы көп болғаны үшін, тіпті 20 жыл жұмыс істеген әйелдің бала күтімі бойынша жәрдемақысыз қалатыны, оның әділетсіз екені» туралы жазған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Алайда бұл мәлімет ресми ақпаратқа сәйкес келмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың түсіндіруінше, жұмыс істейтін аналар бала күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді бала 1,5 жасқа толғанға дейін бұрынғы тәртіппен ала береді. Демек, күйеуінің табысы жоғары болғаны үшін жұмыс істейтін аналар аталған төлемнен айырылмайды.

Скриншот: әлеуметтік желі

Екі бас малы бар отбасы B санатына жатқызыла ма?

Threads желісінде тағы бір қолданушы жағдайы әр түрлі екі отбасы туралы қызық мағлұмат ұсынған. Оның айтуынша, «бірінші отбасында BYD және Range Rover көлігі болса, екіншісінде екі ескі жигули» бар. Оқырман екі отбасын да B санатына жатқызған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Бұл ретте Еңбек министрлігі А және В санатына қандай отбасылар жататынын былай деп түсіндіреді.

«А және В санаттары отбасының материалдық жағдайы өте жоғары екенін білдіреді. Атап айтқанда, отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейі күнкөріс минимумының 7 мөлшерінен басталуы ескеріледі. Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады», — делінген министрлік хабарламасында.

Осыған орай, министрлік отбасыларды санатқа жатқызу калькуляторын әлі жарияламағанын, оның сынақтан өткізіліп жатқанын мәлімдеді. Желіде сондай-ақ, «2 бас малы болса да, B санатына жатқызылғаны, өз атында үйі де, көлігі де жоқ екені» туралы ақпарат тарады.

Скриншот: әлеуметтік желі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, А және В санаттарына отбасының материалдық жағдайы өте жоғары отбасылар жататынын тағы да еске саламыз.

«Бұл санаттарды анықтағанда бірнеше көрсеткіш бірге қаралады. Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, бірнеше жылжымайтын мүлігінің, қымбат көлік, жеке бизнесі және ауқымды жер учаскелерінің болуы бар», — делінген хабарламада.

Министрліктің түсіндіруінше, отбасының әл-ауқат санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Сондықтан екі бас малының болуы отбасын автоматты түрде В санатына жатқызуға негіз бола алмайды. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы бірнеше көрсеткіш бойынша кешенді бағаланады.Ал отбасының әл-ауқат санатын анықтайтын калькулятор әлі сынақтан өтіп жатыр.

Түйін

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Алайда жұмыс істейтін аналар бала 1,5 жасқа толғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала береді. Отбасылардың әл-ауқат санаты табысы, мүлкі және басқа да көрсеткіштері негізінде анықталады. Ал санатты есептейтін калькулятор әзірге сынақтан өтіп жатыр.

Оқу үшін