NoFake

Ескі көліктерді тапсырғандарға жеңілдік сертификаты беріле ме — Министрлік жауап берді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын алуға болатыны туралы ақпарат тарады. Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағдарламаның әзірге іске қосылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Министрлік пен «Жасыл даму» АҚ-ның түсіндіруінше, ақпараттың таралуына 2026 жылғы 6 қазанда бекітілген №252 бұйрық себеп болған. Құжатта ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғаны үшін жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібі белгіленген.

«Қазіргі уақытта кәдеге жарату бағдарламасы аясында пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жеңілдік сертификаттарын бере отырып қабылдау жүзеге асырылмайды», – деп хабарлады министрлік.

Ведомство жаңа бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның іске қосылғанын білдірмейтінін атап өтті. Құжат жеңілдік сертификаттарын беру, қайта тіркеу және оларды отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібін ғана айқындайды.

Бағдарлама қашан іске қосылады?

Министрліктің мәліметінше, №252 бұйрық 2026 жылғы 25 қазанда күшіне енеді. Алайда бұл күн ескі автокөліктерді қабылдау немесе жеңілдік сертификаттарын беру басталатын уақыт емес.

«Аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын және автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді», – деп түсіндірді ведомство.

Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көліктерді қабылдап, кейіннен кәдеге жаратумен айналысатын қайта өңдеуші кәсіпорындарды іріктеп жатыр. Бұл жұмыстар 2023 жылғы 27 қарашада бекітілген №332 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі.

Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның басталу мерзімі, қатысу шарттары және көлік қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Осылайша, ескі автокөліктерді жеңілдік сертификатына айырбастау бағдарламасының құқықтық тәртібі бекітілгенімен, көліктерді қабылдау әлі басталған жоқ. Бағдарламаның нақты іске қосылатын күні әзірге жарияланған жоқ.

Оқу үшін