Алматыда автотұрақ үшін болған қанды оқиға: күдіктінің полицей болғаны рас па

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Алматы қаласының полиция департаменті Данил Щетниковтің өліміне күдіктінің полицияға қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желілерде 37 жастағы Данил Щетниковтің өліміне күдікті құқық қорғау органдарына қатысы бар деген ақпарат тарады. Сондай-ақ жазба авторы оның істі «жабуға» тырысып жатқаны туралы айтады.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Күдікті оқиға болған күні бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол қамауға алынды. Оның құқық қорғау жүйесіне қатысы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.
«Аталған факті бойынша Әуезов ауданы полиция басқармасының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы қаласы ПД басшылығының бақылауында», — деп толықтырды баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі — «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қозғалғаны белгілі болды.
Айта кетейік, оқиға 4 қазанда Алматының Әуезов ауданында болған. Ер адам көршісінен көлігін тұрақ орнынан алып қоюды сұраған. Осыдан кейін олардың арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Кейін көршісі тағы бірнеше адамды шақырған. Олардың бірі ер адамның мойнына пышақ сұғып алған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.


