NoFake

Дания дипфейктерге тыйым салмақшы: адамның бейнесін келісімсіз қолдануға болмайды

Фото: Wikipedia.org

Данияда адамның сыртқы келбеті мен дауысын жасанды интеллект арқылы шынайы етіп көшіріп, оның келісімінсіз таратуға тыйым салатын заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды NoFake.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша бұл бастаманың мақсаты — дипфейктердің таралуын шектеу және азаматтардың жеке басын қорғау. Данияның мәдениет министрі Зения Стампе 2026 жылғы 8 қазанда адамның сыртқы келбеті мен дауысын шынайы етіп қайталайтын цифрлық материалдарды оның рұқсатынсыз таратуға тыйым салуды көздейтін заң жобасын ұсынды. Құжат парламенттің мақұлдауынан өтуі керек. Министр заңның жыл соңына қарай күшіне енгенін қалайтынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген бейнематериалдар қоғамды жаңылыстырып, адамдардың шынайы ақпаратқа деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін.

«Жасанды интеллект арқылы өзгертілген видео мен суреттер жалған ақпараттың таралуына және ненің шынайы екеніне күмән туғызуы мүмкін», — деді Зения Стампе.

Заң әлеуметтік желілерге қандай міндет жүктейді?

Заң жобасының негізгі мақсаттарының бірі — әлеуметтік желілер мен ірі технологиялық компанияларды заңсыз дипфейктерді жедел жоюға міндеттеу.

«Заң жобасының негізгі мақсаттарының бірі — технологиялық алпауыттарды өзгертілген контентті мүмкіндігінше тез жоюға міндеттеу. Осылайша оның келтіретін зиянын барынша азайтуға болады», — деді министр.

Бастама қарапайым азаматтарды ғана емес, өнер адамдарын да қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, олардың сыртқы келбетін, дауысын, орындаушылық мәнерін немесе шығармашылық жұмысын цифрлық түрде көшіріп, рұқсатсыз таратуға шектеу қойылмақ.

Сатира мен пародияға тыйым салынбайды

Заң жобасында карикатураға, пародияға, сатираға және қоғам мен билікті сынға алатын шығармаларға қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Демек, адамның бейнесін пайдалану арқылы жасалған кез келген материал автоматты түрде заң бұзушылық деп танылмайды.

Алайда мұндай ерекшеліктердің нақты шекарасы маңызды. Өйткені сатира мен жалған ақпараттың ара-жігін ажырату кей жағдайда күрделі болуы мүмкін. Қазір заң жобасы парламенттің қарауына ұсынылуы тиіс. Дания билігі құжат жыл соңына қарай күшіне енеді деп үміттенеді.

Оқу үшін