NoFake

ЖИ арқылы жасалған жалған контент: Джорджа Мелони дипфейктермен күресудің жаңа тәсілін ұсынды

Фото: reuters.com

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони ЖИ көмегімен жасалған дипфейктерден қорғану мақсатында, өз дауысын Еуропалық одақтың Зияткерлік меншік жөніндегі ведомствосында (EUIPO) тауар белгісі ретінде тіркеуге өтінім берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Reuters ақпарат агенттігінің мәліметінше, EUIPO сайтында 5 қазанда тіркелген өтінімді Мелонидің кеңсесі де растаған. Өтінімге оның италиялық тілде «Мен — Джорджа Мелонимін» деген сөзді екі рет қайталап айтқан төрт секундтық аудиожазбасы қоса берілген.

Басылым мәліметінше, «Io sono Giorgia» («Мен — Джорджамын») — Мелонидің 2021 жылы жарық көрген өмірбаянының атауы. Бұл атау саясаткердің 2019 жылы саяси митингіде сөйлеген кезінде айтқан әйгілі сөзімен байланысты. Кейін бұл сөз тіпті диско-әуенге де айналған.

Естеріңізде болса, соңғы жылдары интернетте Мелонидің өңделген суреттері бірнеше рет таралып, кей кездері шынайы фотосуреттер ретінде ұсынылған. Солардың бірі — оның төсек үстінде іш киіммен отырғанын бейнелейтін жалған суреті еді.

Мелони мұндай материалдардың таралуын жалған ақпарат тарату және жекелеген адамдарды нысанаға алу әрекеттерінің бір бөлігі ретінде айыптады. Ол желі қолданушыларын контентті бөліспес бұрын оның шынайылығын тексеруге шақырды. Оның айтуынша, өзі мұндай шабуылдардан қорғана алады, алайда көптеген адамның мұндай мүмкіндігі жоқ.

Бүгінде, EUIPO-ға берілген өтінім әлі де қаралып жатыр. Италиялық БАҚ-тың хабарлауынша, өтінім мақұлданған күннің өзінде, тауар белгісін тіркеу Мелонидің дауысын ЖИ көмегімен жасалған дипфейктерде пайдалануға өздігінен толық тыйым сала алмайды. Дегенмен, бұл оның дауысын рұқсатсыз қайталауға тырысатын адамдар үшін қосымша құқықтық кедергілер тудыруы мүмкін.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Мелони өз бет-бейнесін пайдаланып, порнографиялық дипфейк суреттер жасап, оларды интернетте жариялады деген күдікке ілінген Сардиния тұрғынына қарсы азаматтық талап арыз берген еді. Қазіргі таңда іс Италия сотында қаралып жатыр.

Оқу үшін