Telegram арқылы есірткі сатқан: Астанада қылмыс топтың схемасы әшкереленді

Фото: ҚР ІІМ
Көлік полицейлері Астанада есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде «Pitbullshop» Telegram-дүкені арқылы есірткі заттарын жүйелі түрде сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген.
«Жедел іс-шаралар нәтижесінде 25 пен 40 жас аралығындағы бес күдікті анықталып, ұсталды. Топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор ретінде интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны ілгерілетумен айналысқан», — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен бірге, 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орап, жасырын орындарға орналастыруға жауапты болғаны белгілі болды.
«Топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартқан. Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен екі мың жасырын орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан», — делінген хабарламада.
Полиция аталған іс бойынша, өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталғанын мәлімдеді.
«Жедел іс-шаралар барысында полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
«Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп танып, топ ұйымдастырушысын 17 жылға, қалған төрт қатысушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша, көлік полицейлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылып, есірткі тарату арнасы жойылды», — делінген хабарламада.
Осыған орай, көліктегі полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Ведомство жеңіл әрі жылдам табыс табуға уәде беретін ұсыныстар, соның ішінде курьерлік жұмыс түріндегі хабарландырулар адамдарды есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту үшін пайдаланылуы мүмкін екенін ескертеді.
«Сондықтан белгісіз заттар мен бұйымдарды сақтау, тасымалдау немесе жасырын орындарға орналастыру туралы күмәнді тапсырмаларды орындауға келіспеңіздер. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін заңнамада ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік көзделген», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ жүргізуші куәлігін алу емтихандарының тәртібін өзгерткен еді.


