ЖИ сот істерін қалай талдайды: Жоғарғы Сот түсіндірді

Фото: Depositphotos
Қазақстан соттарында жасанды интеллект элементтері бар цифрлық жүйелер істерді талдау, ұқсас сот практикасын іздеу және жекелеген санаттағы істер бойынша шешім жобаларын әзірлеу үшін қолданылады. Бұл туралы Жоғарғы Сот NoFake.kz редакциясының сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді.
ЖИ ұқсас сот істерін қалай табады?
Жоғарғы Соттың мәліметінше, азаматтық істер бойынша «Сот практикасын зияткерлік талдау» сервисі жаңа түскен талап қоюды бұрын қаралған ұқсас істермен салыстырады. Яғни жүйе судьяға осыған ұқсас дау бойынша бұған дейін қандай шешімдер қабылданғанын көруге мүмкіндік береді.
«Ол келіп түскен талап қоюларды бұрын қаралып, ұқсас болған істермен салыстырады, істің ықтимал нәтижесіне алдын ала баға береді, сондай-ақ қалыптасқан сот практикасы негізінде тараптардың құқықтық ұстанымының салмағын есептейді», — делінген Жоғарғы соттың редакциямызға берген жауабында.
Сервис шешімнің талап қою мәтініне ұқсастық пайызын да анықтай алады. Судья қажет болған жағдайда жүйеден нақты сот актісін немесе істің толық электронды материалдарын ашады. Істерді жылына, дау санатына және аумақтылығына қарай сүзуге де болады.
ЖИ судьяға қандай ақпарат дайындап береді?
Жүйе тек бұрынғы істерді іздеумен шектелмейді. Ол бір рет басу арқылы талап қоюдың фабуласын, талап қоюшы келтірген дәлелдер тізімін және судьяның тараптарға қоя алатын ықтимал сұрақтарын қалыптастырады. Бұл мүмкіндік істің негізгі мазмұнын қысқа уақытта түсінуге көмектеседі.
«Бұл судьяның орнын алмастырмайды – бұл шешімдердің сапасын және сот практикасының біркелкілігін арттыратын зияткерлік көмекші, әрі ұқсас жағдайлар бойынша ұсынымдық сипатқа ие», — дейді сот өкілдері.
Бұл жүйені азаматтық істерді қарайтын судьялармен қатар татуластырушы-судьялар да пайдаланады. Жоғарғы Соттың мәліметінше, жүйенің дау бойынша болжамы тараптарға өз мүмкіндіктерін бағалап, бітімгершілік келісімге келуге көмектеседі. Қазір бұл сервис Қазақстанның барлық соттарында енгізілген және азаматтық істер бойынша маманданатын әрбір судьяға қолжетімді.
Роботтар шешім жобасын да дайындайды
Жоғарғы сот мәліметінше, қазір сот жүйесінде жасанды интеллекттен бөлек, роботтандыру технологиялары да қолданылады. Олар судьяның дәлелдемелерді жеке бағалауын талап етпейтін, яғни алгоритм бойынша тексеруге болатын істермен жұмыс істейді. Мұндай істердің қатарында алимент өндіру, борышкерлердің елден шығуына санкция беру және жол жүрісі қағидаларын бұзу туралы материалдар бар. Мысалы, борышкердің елден шығуына санкция беру туралы материал түскен кезде жүйе қажетті талаптардың орындалуын автоматты түрде тексереді.
«Жүйе қаулылардың қайталануы, сондай-ақ борыштың болуы және тиісті түрде хабардар етілуі сияқты заңды маңызы бар шарттарды автоматты түрде тексереді. Егер барлық өлшемшарттар расталса, жүйе қаулыны тіркейді. Судьяға оны тексеріп, бекіту ғана қалады», — деп жазылған жауапта.
Осылайша, жүйе соңғы шешімді өзі қабылдамайды. Ол қажетті шарттарды тексеріп, судьяға дайын шешім жобасын ұсынады. Жоғарғы Соттың мәліметінше, роботтандырудың арқасында мұндай материалдарды қарау уақыты бір күннен бір минутқа дейін қысқарған. Ал шешімдер үш есе жылдам шығарылатын болған.
2025 жылы 825 мың іс цифрлық көмекшілер арқылы қаралған
Жоғарғы Сот ұсынған статистикаға сәйкес, 2025 жылы сот істерінің 37,5%-ы цифрлық көмекшілердің көмегімен өңделген.
«Мәселен, 2025 жылы 2,2 млн іс пен материалдың 825 мыңы немесе 37,5%-ы цифрлық көмекшілердің көмегімен қаралды. Осылайша, сот жүйесінде сот жүйесінің объективтілігін, ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал ете алатын цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде», — деп хабарлайды Жоғырғы сот.
Жоғарғы Сот мұндай цифрлық көмекшілер Мемлекет басшысының сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленгенін хабарлап, бұл технологиялардың негізгі мақсаты — судьяны алмастыру емес, оның жұмысын жеңілдету, сот практикасын талдауға көмектесу және ұқсас істер бойынша біркелкі тәсіл қалыптастыру екенін алға тартады. Айта кетейік, бұған дейін біз «ЖИ заңгерлер мен нотариустарды толық алмастыра ма?» деген сұрақты Әділет министрлігіне қойдық.


